Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының ширек финалындағы жекпе-жегі туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
80 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап жатқан Нұрбек Оралбай ширек финалда Әзербайжан өкілі Мурад Аллахвердиевті жеңген еді.
"Жекпе-жек ойдағыдай өтті. Бапкерлер айтқан тактикаларды қолданып, жеңіске жеттім. Енді мұнымен тоқтамаймыз. Парижге алтын медаль үшін келдік.
Жігіттер (жарыстан шығып қалған қазақстандық боксшылар – ред.ескертпесі) қарсыластарынан емес, төрешілерден ұтылды деп ойлаймын. Бұл есе қайтаруға маған мотивация болды", - деді Нұрбек Оралбай Qazaqstan телеарнасына берген сұқбатында.
Енді Нұрбек жартылай финалда доминикандық Кристиан Пиналеспен кездеседі. Бұл жекпе-жекте жеңсе, алтын медальға таласады. Ал есе жіберсе, қола жүлде еншілейді.
"Демалып алып, доминикандық боксшының жекпе-жектерін қарап, бапкерлермен тактика құрамыз. Ойдағыдай өтеді деп ойлаймын", - деді қазақстандық боксшы.
Айта кетейік, Айбек Оралбай (92 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг) және Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) Олимпиаданы аяқтаған еді.
Бүгін, 3 тамызға қараған түні Сәкен Бибосынов (51 кг) шаршы алаңға шығады. Ол ширек финалда өзбек боксшысы Хасанбай Дусматовпен жұдырықтасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2143929-nurbek-oralbai-parizhge-altyn-medal-ushin-keldik/