Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Париж Олимпиадасының ширек финалындағы жеңілісі туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Сәкен Бибосынов өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовтан жеңіліп, жартылай финалға шыға алмаған еді.
"Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Өкінішті, 3:2 есебімен ұтылып қалдым. Қарсыласымды жеңісімен құттықтаймын. Басты қарсыласым осы еді. Бұл боксшыны ұтқанымда, кем дегенде қола алар едім. Әттең-ай, елдің намысын абыроймен қорғай алмадым деп ойлаймын.
Токиода қола алған соң, осы жаққа алтын медаль алуға келген болатынмын. Тыңғылықты дайындалдым. Қателіктер болды, солармен жұмыс істейміз. Маған сенім артқан, қолдаған барша қазақстандықтарға, отбасыма алғыс айтамын", - деді Бибосынов Qazaqstan телеарнасына берген сұқбатында.
Осылайша, бокстан Қазақстан ерлер құрамасының жеті боксшысының ішінен тек Нұрбек Оралбай Олимпиаданы жалғастыратын болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2143977-elding-namysyn-abyroimen-qorgai-almadym-saken-bibosynov-zhengilisi-turaly-aitty/