Париж Олимпиадасында бокс бәсекесінің ширек финалында грузиялық спортшыға есе жіберген Мұхамедсабыр Базарбайұлының қарсыласымен тамақтанып отырған суреті желіде тарады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Желіде Олимпиада ойындарында 63,5 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурулидің тамақтанып отырған суреті пайда болды.
Суретті Лаша Гурули Instagram парақшасындағы stories-те жарияланған.
Дәл осы сурет TikTok желісіндегі lashagurulii парақшасында да жарияланған.
Фотоны көрген қазақстандықтар түрлі пікір қалдырып, екі спортшының бір-біріне сыйластығына риза болып жатыр.
"Мұхамедсабыр бәрібір кішіпейіл, қарапайым екен, басқа біреу болса отырмас еді", "Алдында ғана ұнатпай отыр едім, жүрегім жібіп қалды ғой", "Таспен ұрғанды аспен ұр" болды ма сонда?", "Жарайсыңдар, жігіттер! Екеуің де чемпионсыңдар! Спортшы деген осындай болу керек", "Кім жеңді, кім жеңілді фотоға қарап тез айтамыз", "Спорт – достықтың белгісі", "Мұхамедсабыр жеңді", - деп жазуда қазақстандықтар.
Айта кетейік, Базарбайұлы мен Гурули арасындағы жекпе-жек 2 тамызда өткен болатын. Алғашқы раундта отандасымыз 5:0 есебімен жеңіске жетсе, кейінгі екі раунд грузиялықтың пайдасына шешілді. Нәтижесінде Мұхаммедсабыр 3:2 есебімен жеңіліп қалды.
Осы жекпе-жектен кейін Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті нәтижені түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit) шағым түсірді. ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешованың айтуынша, Базарбайұлы жеңіске жеткен.
Әлеуметтік желілерде отандасымыздың бұл жекпе-жегін қазақстандықтар да қызу талқылап, жеңіс Базарбайұлына берілуге тиіс деп есептейтінін жазған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2144893-taspen-urgandy-aspen-ur-olimpiadada-otandasymyzdy-zhenggen-gruziialyq-boksshy-muhamedsabyr-bazarbaiulymen-tusken-suretin-zhariialady/