Бокстан Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов қазақстандық боксшылардың Париж Олимпиадасындағы өнеріне баға берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасына толық құраммен барған еді. Алайда тек Нұрбек Оралбай финалға өтті. Әділбек Ниязымбетов басқа боксшылардың жарысты ерте аяқтауына не себеп болғанын айтты.
"Парижге барған жігіттеріміз Олимпиадаға өте жоғары деңгейде дайындалып барды деп ойлаймын. Бапкерлер де мықты, тәжірибелі мамандар. Қай-қайсын алып қарасақ та өз салмақтарының үздігі еді. Әлем, Азия ойындарында елге жүлде сыйлап жүрген боксшылар. Бірақ Парижде жігіттердің бабы шапқанымен, бағы шаппады деп ойлаймын.
Өз басым төрешілер жағынан бұра тартушылық болды деп есептеймін. Жарысты бастан-аяқ қарап отырмыз. Жігіттердің қай-қайсы да жақсы өнер көрсетті. Тіпті ұтылды дегеннің өзінде, тең дәрежеде жұдырықтасып жатты. Қарсыластарының да ешқандай артықшылықтарын байқамадым. Жігіттеріміз бар күш-жігерін салды. Боксшыларымыз Париж Олимпиадасына жеңілейін, қыдырып қайтайын деп барған жоқ. Енді финалда Нұрбек Оралбай жұдырықтасады. Оралбайға тақымымызды қысып, жанкүйер болып, жеңіс тілейміз", - деді боксшы.
Сондай-ақ Әділбек Ниязымбетов әлеуметтік желіде қазақстандық боксшыларды сынап жатқандарға жауап берді.
"Қалай болмасын, қазақ боксшыларын олай көктен алып, жерге салуға болмайды. Осыған дейін талай Олимпиада ойындарында қаншама алтын жүлделерімен елді айдай әлемге паш етті. Ешқандай ойындардан жүлдесіз қалып көрген жоқ. Токиода ғана алтынсыз қалғанымыз болмаса, өзге ойындарда қашан алтынсыз келіп еді. Міне бұйырса Нұрбек Оралбай да алтын алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан осындай бір сәтсіздіктерді аласапыран дүниеге айналдырып, қазақ боксын күресінге лақтыра салуға болмайды", - деді Ниязымбетов.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай финалда украиналық боксшы Александр Хижнякпен жұдырықтасады. Жекпе-жек 7 тамызда Астана уақытымен 01:51-де басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2144964-adilbek-niiazymbetov-boksshylar-olimpiadaga-zhengileiin-qydyryp-qaitaiyn-dep-bargan-zhoq/