Өзбекстандық боксшы Баходир Жалолов Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Баходир Жалолов 92 кг жоғары салмақтағы бокс бәсекесінің финалында испаниялық Айюб Гадфаны төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді. Осылайша екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Ол Токио-2020 Олимпиадасында да алтын жүлде еншілеген болатын. Баходир жекпе-жектен соң үстіндегі жейдесін шешіп, рингтің ортасына тізерлеп отыра кетті. Осылайша 30 жастағы боксшы әуесқой бокстағы мансабын аяқтады.
Еске салайық, Жалоловтың финалдағы қарсыласы Париж Олимпиадасының алғашқы айналымында қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаевты жеңген еді.
Кеше, 10 тамызда бокстан Өзбекстан құрамасы тағы бір алтын медаль иеленді. Абдумалик Халоков 57 кг салмақ дәрежесіндегі финалда төрешілердің бірауыздан шешімімен қырғызстандық Мұнарбек Сейітбек ұлынан басым түсті.
Қазір Өзбекстан құрамасының қоржынында 8 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлде бар. Бұл көрсеткішпен көршілес мемлекет медаль кестесінде 13-орында тұр.
Бүгін, 11 тамызда Париж Олимпиадасында соңғы жарыс күні өтеді. Қазақстан намысын екі спортшы қорғайды.
- Әмір Зәкіров Олимпиаданың жартылай финалына шыға алмады
- Қазақ бапкері жаттықтыратын таеквондошы Олимпиада чемпионы атанды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2147406-bahodir-zhalolov-ispaniialyq-boksshyny-zhengip-eki-durkin-olimpiada-chempiony-atandy/