Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов командаға оралғысы келетін кәсіпқой боксшыларға талап қойды. Сондай-ақ ол алдағы жоспар туралы айтты, деп KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Шымкентте Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған ірі халықаралық турнир өтпек. Алдағы Азия біріншілігіне іріктеу ретінде есептелетін бұл жарыста ұлттық құрама спортшыларының барлығы да бақ сынап көреді. Қайрат Сәтжанов құрамаға оралғысы келетін кәсіпқой боксшылар осы турнирге міндетті түрде қатысуы керек екенін айтты.
"Қазір кәсіби бокста бақ сынап жүрген бокшыларымыздың арасынан ұлттық құрамаға оралып жатқандар бар. Солардың бірі – Абылайхан Жүсіпов. Егер құрамаға келгісі келетін кәсіби бокстағы жігіттер болса, Әбдәлиев турниріне қатысу міндетті екенін тағы ескертемін. Себебі кәсіби және әуесқой бокстың арасы жер мен көктей. Екеуінде стиль де бөлек, ритм де бөлек. Жігіттер бейімделу керек. Азия чемпионатына ең мықты деген боксшыларды апарамыз", - деді бас бапкер.
Сондай-ақ Қайрат Сәтжанов келесі жылға арналған жоспар көп екенін айтты.
"Жаңа жылдан бастап АҚШ, Кубаға барып, біріккен жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл сапарды қаңтар, ақпан айларына реттейміз. Осы кезде команданың екінші, үшінші, төртінші нөмірлі боксшылары Еуропада өтетін түрлі халықаралық турнирлерге қатысады. 2025 жылы өтетін ең ірі жарыс әлем чемпионаты", - деді Сәтжанов.
Жыл соңына дейін қазақстандық боксшылар екі оқу-жаттығу жиынына, Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирге, Амманда өтетін ересектер арасындағы Азия чемпионатына және желтоқсан айында Астанада өтетін ел біріншілігіне қатысады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2162982-qairat-satzhanov-ulttyq-quramaga-oralgysy-keletin-boksshylarga-talap-qoidy/