Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Нұрбек бауырымдай болып кетті": Баходир Жалолов қазақстандық боксшылар туралы айтты

Жарияланған күні:

Баходир Жалолов
Баходир Жалолов. Фото: youtube.com/@uaqyt_korsetedi

Екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалолов YouTube желісіндегі "Уақыт көрсетеді" арнасына сұқбат берді. Сұқбат барысында өзбекстандық боксшы қазақстандық былғары қолғап шеберлеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Баходир Жалолов қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаевпен Париж Олимпиадасының финалында кездескісі келгенін айтты.

"Қамшыбек Қоңқабаевпен шаршы алаңда 8-9 рет кездестік, нақты саны есімде жоқ... Бокс болғаннан кейін, бірде сен ұтасың, бірде ол ұтады. Сондай-ақ Париж Олимпиадасында тек Қамшыбекке ғана дайындалмадық, басқа да қарсыластарымыз болды. Бұл жақта жеңемін, чемпион боламын деп ниет қылу керек.

Олимпиада қарсаңында Қамшыбекті көрдім. Оған: "Бұйырса, финалда жолығайық", - деп айттым", - деді өзбекстандық боксшы.

Сондай-ақ Баходир Жалолов Олимпиадада Нұрбек Оралбайға тілеулес болғанын, оған финалдық кезеңнің алдында кеңес бергенін айтты.

"Нұрбек Оралбай өзімнің бауырымдай болып кетті. Ол мені Қазақстанға шақырады, мен оған Өзбекстанға кел деймін.

Олимпиада финалының алдында мен оған өзімнің кеңестерімді айттым. Оның қарсыласы Хижнякпен қалай жұдырықтасу керек екенін айтып тұрдым. Біз Нұрбекпен автобуста бірге жүрдік. Мен оған: "Нұрбек, сен қашықтықты сақта. Сен қашықтықты сақтап ұрсаң, ол сенің соққыңды көрмей қалады", - дедім.

Нұрбек шаршы алаңға шыққанда, қазақстандық жанкүйерлермен бірге аренада тұрып қолдау таныттық", - дейді Баходир Жалолов.

Баходир Жалолов сұқбат барысында қазақстандық боксшы Иван Дычкомен кәсіпқой бокста кездесу жоспарында жоқ екенін жеткізді.

"Иван Дычкодан әуесқой бокста 3 рет жеңілдім. Ол кезде жас едім, салмағым да жетіңкіремей жүрген кез еді...

Иван Дычкомен кездесу жоспарымызда жоқ. Интернет басылымдарында жүрген ақпарат туралы өзім де білмеймін. Қазақстан сайттары да жазып шығыпты, өзім қайран қалдым", - дейді Баходир Жалолов.

Айта кетейік, әуесқой бокста аса ауыр салмақта жұдырықтасқан өзбекстандық Баходир Жалолов екі мәрте Олимп шыңын бағындырды. 2021 жылы Токиода өткен Олимпиада мен биыл Париждегі Олимпиадада топ жарды.

Баходир Жалолов Париж Олимпиадасының финалдық жекпе-жегінен кейін үстіндегі жейдесін шешіп, рингтің ортасына тізерлеп отыра кетті. Осылайша ол әуесқой бокстағы мансабын аяқтағанын көрсетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2163448-nurbek-bauyrymdai-bolyp-ketti-bahodir-zhalolov-qazaqstandyq-boksshylar-turaly-aitty/