Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев YouTube желісіндегі "Уақыт көрсетеді" арнасына берген сұқбатында шәкірттерінің Олимпиададағы жетістігі туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сұқбат барысында бас бапкер Толқын Қылышев Өзбекстан құрамасы алтынды сатып алды деп сынап жатқан жандарға жауап берді.
"Олимпиадада бес алтынға ие болдық... Қолынан келмегендер әр нәрсені айтып жатыр. Не деп айтқысы келетінін білмейді. Амал жоқ, осылай деп айтады. Егер өздері чемпион болса, олардың жеңімпаз болғаны есептеледі де, біздікі есептелмей ме?!
Біз жеті алтын аламыз деп күш салдық. Біздің жеті баламызға қазіргі уақытта әлемде тең келер мықты жоқ деп нық сеніммен айта аламын. Кез келгеніне жауап беремін. Жарысты орта жолдан аяқтаған Руслан мен Турабек те жеңіске лайық еді. Тіпті біз жеті алтын медаль алатын едік. Мен осы уақытқа дейін бұл нәрсені айтып келдім.
Қазақстанның блогерлері де: "Толқын бес алтын аламын деп жатыр", - деп күлген еді. Мен бес емес, жеті алтын алғым келді. Бірақ бес алтын еншіледік. Мен қатты кетіп отырған жоқпын, тек ішімдегі дүниені айттым", - деді Толқын Қылышев.
Айта кетейік, бокстан Өзбекстан құрамасы Париж Олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алды. Хасанбой Дусматов (51 кг), Абдумалик Халоков (57кг ), Асадхуджи Муйдинхуджаев (71 кг), Лазизбек Муллажонов (92 кг) және Баходир Джалолов (92+ кг) чемпион болды. Ал Қазақстан ерлер құрамасы бір ғана медаль иеленді. 80 кг салмақ дәрежесінде Нұрбек Оралбай күміс жүлде еншіледі.
Сондай-ақ екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалолов қазақстандық былғары қолғап шеберлеріне қатысты жылы пікір білдірген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2163496-ozbekstan-olimpiada-altynyn-satyp-aldy-ma-bas-bapker-zhauap-berdi/