Алматыда өткен бокс кешінде қазақстандық кәсіпқой боксшы Елшат Нығметолла қарсыласын нокаутпен жеңді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Қазақ жауынгері" лақап атымен танылған Нығметолла екінші жеңіл салмақта (55,2 келіге дейін) Танзания өкілі Мухсин Кизотаға қарсы шықты. Жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған болатын.
Нығметолла жекпе-жекті белсенді бастап, қарсыласын үнемі тосқауыл қоюға мәжбүр етті. Екі раунд Нығметолланың толық басымдылығымен өтті. Үшінші үш минуттық кезеңде, 40 секундта төреші жекпе-жекті тоқтатып, техникалық нокаут санады. Осылайша Елшат Нығметолла кәсіпқой рингтегі кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Айта кетейік, бұл қазақстандық үшін биылғы екінші жекпе-жек. Ол бұған дейінгі жекпе-жегін 8 маусымда Шымкентте өткізіп, төрешілердің бірауыз шешімімен өзбекстандық Сарвар Усмоновты жеңді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2164366-zhengilip-kormegen-qazaqstandyq-boksshy-almatyda-otken-turnirde-qarsylasyn-nokautpen-zhengdi/