Бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов Парижде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы атанған украиналық Александр Хижняктың жеңісіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ YouToub-тегі "Спорт министрі" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бекзат Нұрдәулетов өз салмағындағы қарсыласы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбаймен бәсекелестігі туралы айтты.
"Бәсекелестіктен адам өседі. Әрдайым бәсекелестік болған жерде біреу жарып шығады. Сол екеуінің біреуі Олимпиадада міндетті түрде биік тұғырда көрінетіні сөзсіз. Бұл практикада көп болған. Ақырғы жаттығулар "Алматау" базасында болды. Сол кезде солақай қарсыластар болған, соларға дайындалып, "осылай ұрады" деп барынша өз көмегімді тигіздім деп ойлаймын", - деді Нұрдәулетов.
Осы орайда журналист Бекзат Нұрдәулетовке украиналық Александр Хижняктың кілтін тауып, алдағы уақытта жеңуге бола ма деген сауал қойды.
"Әрине, өз қарсыласынан қатты ойлана білетін адам қарсыласын жеңеді деп ойлаймын. Қарсыласқа тыңғылықты дайындалса жеңуге болады. Ұлы Мұхамед Әлилердің өзі де жеңілген. Оның жанында Хижняктар жай әуесқойдағы боксшылар ғой. Алдағы турнирлерде біз болмасақта, өзіміздің бір қазақтың боксшысы жеңеді деген сенімдемін", - деді Нұрдәулетов.
Сондай-ақ Бекзат Нұрдәулетов Нұрбек Оралбаймен қарым-қатынасы өте жақсы екенін атап өтті. Айтуынша, бәсекелестік тек рингте, ал ринг сыртында бір-бірін сыйлайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2185341-zhenguge-bolady-boksshy-bekzat-nurdauletov-olimpiada-chempiony-atangan-aleksandr-hizhniak-turaly-pikir-bildirdi/