Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы Санжарәлі Бегалиев пен оның жеке жаттықтырушысы Әлішер Ерметовті марапаттады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Шымкент спорт басқармасының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында Санжарәлінің спорттағы жетістіктері, дайындығы және алдағы жоспарлары талқыланған. Сонымен қатар жаттықтырушының еңбегі жоғары бағаланып, оларды қолдау мақсатында тиісті көмек көрсету мәселелері сөз болды.
Қала әкімі жас спортшыға сәттілік тілеп, оған алғыс хат пен 4 миллион теңгенің сертификатын табыстаған. Ал оның бапкері Әлішер Ерметовке 1 миллион теңге берілді.
Еске салайық, Будвада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 6 алтын, 1 күміс және 10 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Шымкент спортшысы Санжарәлі Бегалиев 75 кг салмақ дәрежесінде 5 қарсыласын да жеңіп, чемпион атанды. Оған алтын жүлде үшін ұйымдастырушылар тарапынан 8000 доллар (3,9 млн теңге) сыйақы берілген еді.
Санжарәлі Бегалиев 2022 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алса, 2024 жылы жастар арасындағы құрлық додасында топ жарған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2190207-alem-chempiony-atangan-shymkenttik-boksshy-qomaqty-syiaqyga-ie-boldy-foto/