Өзбекстандық боксшы Хасанбой Дусматов үшінші Олимпиада алтынын еншілеуді, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы белбеуін жеңіп алуды жоспарлап отырғанын және қазақстандық боксшы Сәкен Бибосыновпен болған жекпе-жегі туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Olympic.uz сайтының Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Хасанбой Дусматов 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына жоспары туралы айтты. Ол бұған дейін өткен екі Олимпиадада алтын медаль еншілеген болатын.
"Әлі 4 жыл уақыт бар. Қазір нақты бірдеңе айту қиын. Бірақ мен келесі Олимпиадаға қатысып, үш дүркін чемпион болғым келеді", - деді Хасанбой Дусматов.
Сондай-ақ ол Олимпиадаға дейін кәсіпқой бокста бақ сынап, чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасқысы келетінін де жеткізді.
"Әрине, осындай жоспарым бар. Мен кәсіпқой бокста чемпиондық белбеу алуды көздеп отырмын. Қолымнан келетініне сенімдімін. Қазір мен өз салмағымда WBA титулының міндетті үміткерімін", - деп пікір білдірді өзбекстандық боксшы.
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосыновқа қарсы жекпе-жектен кейін Хасанбой Дусматовты бапкерлер "профессор" деп атап кетіпті.
"Бұл атты біздің бапкерлер Толқын Қылышев пен Рахматжон Розихунов 2022 жылғы Азия чемпионатының финалында Сәкен Бибосыновқа қарсы жекпе-жегімнен кейін қойған. Мен бірінші раундта ұтылып жаттым. Біздің бапкерлер уайымдай бастады. Сол кезде мен бапкерлерге: "Маған су мен тіссауытымды беріңіздер, енді есепті өзім түзетемін", - дедім. Содан бастап, мені "профессор" деп атай бастады, өйткені кез келген жағдайда не істеу керегін білемін", - деді Хасанбой Дусматов.
Естеріңізге сала кетейік, Париждегі жазғы Олимпиада ойындары аясында Хасанбой Дусматов пен Сәкен Бибосынов 51 кг дейінгі салмақ дәрежесінде 1/4 финалдық кезеңде кездесті. Жекпе-жектің нәтижесінде өзбек боксшысы төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетті. Кейінгі жекпе-жектерінің бәрінде жеңіске жеткен ол Париж Олимпиадасында алтын медальді қанжығасына байлады.
Сондай-ақ Хасанбой 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль еншілеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2191068-ush-durkin-olimpiada-chempiony-bolgym-keledi-tanymal-ozbek-boksshysy-aldagy-zhosparlaryn-aitty/