Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Алуа Балқыбекова сырқаттанып қалуына байланысты Азия чемпионатына қатыса алмайтын болды. Ол бүгінгі жекпе-жегінен бас тартты, деп KAZ.NUR.KZ Қазақстан бокс федерациясының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алуа Балқыбекова бүгін, 2 желтоқсанда таиландтық Раксат Чутхаматпен жұдырықтасуы керек еді. Бірақ қазақстандық боксшы сырқаттанып қалуына байланысты жекпе-жекке шыға алмайтын болды.
"Ішек синдромы бар орта дәрежелі жіті гастроэнтеритке байланысты спортшының жарысқа қатыспауы туралы шешім қабылданды" делінген дәрігер анықтамасында. Алуаға тезірек сауығып кетуін тілейміз!", - делінген бокс федерациясы хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан ерлер құрамасынан үш боксшы Азия чемпионатының ширек финалына шықты. Дулат Бекбауов (67 кг) тайпейлік Джиа-Джун Чиуан Вангтан басым түсіп, жарысты жалғастыратын болды. Ал Оразбек Асылқұлов (57 кг) алғашқы жекпе-жегінде малайзиялық Зулхайлан Мохамадты екінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, келесі айналымға жолдама алды. Сондай-ақ 1/8 финалда өзбек боксшысы Дильшод Абдумурадовты жеңген Бейбарыс Жексен (60 кг) де ширек финалда жұдырықтасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2194986-qazaqstandyq-boksshy-aziia-chempionatyndagy-zhekpe-zheginen-bas-tartty/