Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ризабек Айтмұхан Олимпиада ойындарына қатысу үшін қызу дайындық жүргізуде (видео)

Жарияланған күні:

Еркін күрестен Әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан
Еркін күрестен Әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан. Фото: olympic.kz

Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына дайындалып жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ 24.kz телеарнасының Youtube-тағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

19 жастағы Ризабек 2024 жылы ақпан айында өтетін Қазақстан чемпионатына 97 келіге дейінгі Олимпиадалық салмақта шықпақ. Кейін осы салмақта Париждегі дүниежүзілік додаға қатысып, алтын алуға үміттеніп отыр.

"Қазақстанда еркін күрестен әлем чемпионатының алтын жүлдесі бар, бірақ Олимпиада ойындарының алтын жүлдесі жоқ. Менің мақсатым – 97 келіге дейінгі Олимпиадалық салмаққа ауысып, еліме Олимпиада алтынын әкелу. Сол үшін мен бар күшімді саламын", – деді Ризабек.

Ол жеңіске жету үшін балуанның бойында қандай қасиеттер болуы керегін айтып берді.

"Тек қана күшпен күреспейді балуан, ол жан-жақты мықты болуы керек. Балуан ең бірінші білімді болуы қажет. Күрескен кезде қандай әдіс жасаймын, физикалық тұрғыда қалай қорғанамын деп ойлауға тиіс және практикалық тұрғыда қабілеттер керек. Бірақ, ең алдымен, мен үшін ол жүректегі намыс деп ойлаймын. Егер сенің жүрегіңде рух пен намыс болмаса, онда осы қабілеттің барлығы керек емес", – деді әлем чемпионы.

Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан биыл қыркүйек айында Сербияның Белград қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында алтын иеленді. Осылайша еркін күрестен елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Қазір қазақстандық спортшы Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының рейтингінде 92 келіге дейінгі салмақтағы балуандар арасында бірінші тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2053448-rizabek-aitmuxan-olimpiada-oiyndaryna-qatysu-usin-qyzu-daiyndyq-zurgizude-video/