27-28 қаңтар аралығында Әзербайжанның астанасы Баку қаласында қазақ күресінен ересектер арасында Еуропа чемпионаты өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақ күресі ассоциациясының Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған турнирге Еуропаның он беске жуық елінің балуандары қатысқан. "Біріккен Күрес әлемі" (UWW) аясындағы жарыстың бағдарламасына сәйкес ерлер 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі, ал әйелдер 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77, +70 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Қазақ күресі ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновтың айтуынша, қазақ күресі – Еуразия құрлығындағы барлық дәстүрлі күрес түрлерінің синтезінің нәтижесі.
"Төл күресіміз 1938 жылдан бері республикалық жарыстардың бағдарламасына кіреді. Ал 2016 жылы қазақ күресі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Бүгінге дейін қазақ күресінен 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогі және 5 Еуропа чемпионаты өтті. Кезекті Еуропа чемпионатының Әзербайжан елінде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Чемпионатты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан жергілікті қазақ күресі федерациясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін", – деді Дамир Бекбосынов қазақ күресінен ересектер арасында Еуропа чемпионатының ашылу салтанатында.
Еске салайық, қазақ күресінен cоңғы Еуропа чемпионаты 2018 жылы Сербияның Зренянин қаласында өткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2058005-azirbaizanda-qazaq-kuresinen-europa-cempionaty-otti/