Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан күрес федерациясы үш бапкер мен бір төрешіні ұлттық құрамадан шеттетті

Жарияланған күні:

Жас балуандар
Қазақстандық балуандар. Фото: olympic.kz

28 наурызда грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының онлайн форматтағы кезектен тыс конференциясында алдағы жарыстарға дайындық барысы талқыланып, тәртіптік мәселелер қаралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Конференцияда Бішкекте өтетін Азия чемпионаты мен Азия аймақтық лицензиялық турнирге дайындық барысы талқыға түсті. Нақты ұсыныстар айтылып, Париж Олимпиадасына жолдама алу міндеттелді. Ұлттық құрама командалардың бас бапкерлері олимпиадалық маусымдағы жарыстарға дайындық барысы туралы ақпарат беріп, Бішкекте сынға түсетін спортшыларға тоқталды. 

Сонымен қатар жиында 26 наурызда Алматы облысында аяқталған ел чемпионатында UWW регламенті мен құқықтық-нормативтік актілерді бұзған жекелеген бапкерлер мен төрешілерге қатысты тәртіптік мәселелер қаралды. Түскен шағымдарды саралай келе мынадай шешімдер қабылданды:

  • Боранбек Қоңыратов (грек-рим күресі, Алматы облысы) 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін республикалық және халықаралық жарыстардан, сондай-ақ, жас ерекшелігінен тыс ұлттық құрама командалардың оқу-жаттығу жиындарынан шеттетілді;
  • Серік Әбдімәуленов те (еркін күрес, Қызылорда  облысы) 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін республикалық және халықаралық жарыстардан, сондай-ақ, жас ерекшелігінен тыс ұлттық құрама командалардың оқу-жаттығу жиындарынан шеттетілді;
  • Әйелдер күресінен Гүлжанат Қожағалиева (БҚО) мен Ғалым Мырзабаев (Алматы облысы) үш ай көлемінде республикалық және халықаралық жарыстардан, сондай-ақ, жас ерекшелігінен тыс ұлттық құрама командалардың оқу-жаттығу жиындарынан аластатылды;
  • Төрешілер корпусының Қостанай облысындағы өкілі Серік Құлмұхамбетов 2024 жылдың  31 желтоқсанына дейін республикалық жарыстарда төрелік ету құқығынан айырылды. 

"Конференция қатысушылары жоғарыда айтылған оқиғаларға жол бермеу үшін отандық мамандар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, төрешілер мәдениетін көтеру керегін бірауыздан қолдады", – делінген хабарламада.

Еске салайық, Олимпиада жолдамасына таласатын қазақстандық балуандардың тізімі жарияланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2075172-qazaqstan-kures-federaciyasy-us-bapker-men-bir-toresini-ulttyq-quramadan-settetti/