Грек-рим күресінің шеберлері Ержет Жарлықасын мен Нұрсұлтан Тұрсынов Бішкекте (Қырғызстан) өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалына шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
63 кг салмақта белдескен Ержет Жарлықасын ширек финалда Сауд Арабиясының өкілі Хавсавиді айқын басымдықпен (8:0) жеңді. Ал Нұрсұлтан Тұрсынов Оңтүстік Корея өкілі Сун Хван Лиді 9:0 есебімен ұтып, жартылай финалға өтті.
Тағы бір қазақстандық балуан Ибрагим Магомадов ширек финалда ұтылды. Ол Қырғызстан өкілі, екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмудовқа есе жіберді.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы сапынан әйелдер күресінен сынға түскен Анастасия Панасович (72 кг), Лаура Алмағанбетова (57 кг), Эльмира Сыздықова (76 кг) және Диана Каюмова (59 кг) қола медаль еншілеген болатын. Ал еркін күрес шеберлері Азамат Дәулетбеков (86 кг) алтын, Асыл Айтақын (61 кг) мен Ризабек Айтмұхан (97 кг) күміс, Мейрамбек Қартбай (57 кг) қола жүлде жеңіп алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2084963-qazaqstandyq-eki-baluan-grek-rim-kuresinen-aziya-cempionatynyn-zartylai-finalyna-otti/