Қазақстандық дзюдошы Мағжан Шамшадин жарақат алған кезде қолдаған жандарға алғыс айтып, жақында Душанбеде өткен Grand Slam турниріндегі нәтижесі туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мағжан Шамшадин алты айдан астам уақыт бойы жарақатына байланысты жарыстарға қатыспаған еді. Дзюдошы осы уақыт аралығында қолдаған жандарға және спортта жол көрсеткен ағаларына алғысын жеткізді.
"Жарақат кез келген спортшыны қажытады. Осындай сәтте теріс айналмай, қолдау көрсеткен Федерация басшыларына, спорт саласындағы жетекшілерге, жеке бапкерлеріме шын алғысымды айтамын. Шетелде ота жасатуға қаражат тауып бергендері қатты қуантты. Егер ота жасалмағанда, осы жарақатпен күресіп, жүре берер ме едім. Енді маған артқан сенімдерін ақтауға тырысамын.
Сондай-ақ, спортта жол көрсеткен ағаларға да алғысым шексіз. Елдос Сметов, Рустам Ибраев, Азамат Мұқанов, Елдос Жұмақанов, Жансай Смағұлов, Айбек Имашев сынды алдыңғы буыннан үйренгеніміз өте көп. Азамат ағамыз ауырту әдісін қалай жасауды үйретсе, Айбек ағамыз қылғындыру әдісін түсіндіріп беретін. Елдос ағамыздың ақыл-кеңестері бар. Бәрі бізге үлкен сабақ болды. Солардың үйреткендерін біз ізімізді басып келе жатқан інілерімізге айтамыз", - деді қазақстандық дзюдошы.
Мағжан жақында Душанбедегі Grand Slam турнирінде күміс жүлде иеленді. Ол алтын медаль алу үшін не кедергі болғанын да айтты.
"Жарыстың жартылай финалында қабырғамды ауыртып алдым. Бапкерлерім ақтық сында күреспегенімді қалады. Қанша дегенмен, алда екі ірі жарыс бар. Соған өзімді сақтағаным да дұрыс қой. Бірақ күрескім келді. Әнұранды ойнатқым келді. Өзіме сенімді болдым. Тек ағайларым айтқан тактиканы ұстанбай, қызбалыққа салынып кеткенім кедергі болды. Салыстырмалы түрде қарасақ, алты ай үзілістен соң күміс медаль алу да жаман емес. Бірақ іште: «Әнұран ойнатқанда ғой» деген арман тұрады. Біздің мақсатымыз да сол – көк туды желбіретіп, Әнұранды беріле шырқау. Керемет сезім ғой бұл. Енді мұнда бұйырмаған алтын әлем чемпионатында қолға түссе екен", - деді Шамшадин.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2096906-ota-zhasatuga-qarazhat-tauyp-berdi-qazaqstandyq-dziudoshy-zharaqaty-turaly-tosyn-malimdeme-zhasady/