Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

70 адамның ішінен іріктеп алынған: Париж Олимпиадасында алғаш рет екі қазақстандық маман төрелік етеді

Жарияланған күні:

Қазақстандық төреші
Қазақстандық төреші. Фото: olympic.kz

Биыл Парижде өтетін Олимпиада ойындарында күрес түрлерінен еліміздің екі төрешісі қызмет ететін болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан күрес федерацисының Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Олимпиада оындарында ұызмет атқаратын халықаралық төрешінің бірі – Ерік Жұмабеков. Ол 1973 жылы 23 ақпанда қазіргі Абай облысында дүниеге келген. "Халықаралық төреші" категориясын 2009 жылы алған. Оған дейін 10 жылдай тек елішілік жарыстарда жұмыс істеген.

"Парижге іріктеу 2 кезеңге созылды. Алғашқысы былтыр Астанада өткен Азия чемпионаты болса, соңғысы Белградтағы әлем чемпионаты. Сербияда әлем мамандары жасыл, сары және қызыл түсті санатқа жіктелген. Игорь екеуміз сол кезде жасыл категорияға кіргенбіз. Ал биыл Бішкек пен Ыстанбұлдағы іріктеу турнирінде де жұмыс істеп, тағы сыннан өттік. Әсіресе Түркияға таңдалған 70 маман шақырту алғанын айта кету керек. Парижге баратын нұсқаушылармен қоса есептегенде 50 төреші осының арасынан анықталды. Биыл Олимпия ойындарында алғаш рет елімізден 2 адам барып, кілемде қазылық етеді. Алда дәл осылай нұсқаушылар да қосылып барып жатсақ, біздің палуандарға зор көмек болмақ", - деді Ерік Жұмабеков.

Екіншісі – Игорь Лигай. Ол 1985 жылы 7 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Жапония астанасында өткен жазғы ойындарға барып, жұмыс істеген.

"Олимпиада спортшылармен қатар біз үшін де маңызды, шоқтығы биік жарыс. Сол жарыста жақсы жұмыс істеуге барымызды саламыз. Елімізден алғаш рет 2 төреші баратынына қуаныштымыз. Осыдан 3 жыл бұрын Токиода Олимпиаданың әсері мүлде бөлек, деңгейі жоғары екенін сезінгенмін. Әр ойын кезінде күресте үздік төреші анықталып, «Алтын ысқырық» деп аталатын арнайы жүлде табысталады. Ерік Оралұлы екеуміз осы сыйлықты алуға тырысамыз. Кейінгі 2 жылда жан-жақты, қатал іріктеуден өттік. Еңбегіміздің осылай ақталғанын қалаймын. Көпшілік бұған таңғалуы мүмкін, шынында, Олимпиада және әлем чемпионаты сынды ірі жарыстарда ұйымдастырушылар жүріп, тұру шығынын мойнына алады. Одан бөлек жұмысымыз үшін ақы/үстемақы төленбейді", - деді Игорь Лигай Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Енді шақырту алған барлық төреші маусымның 20-сынан 24-іне дейін Грекияда халықаралық күрес федерациясы ұйымдастыратын семинарға жиналады. Ерік Жұмабековтің пікірінше, ережеде өзгеріс болмауы керек. Бұл көбіне әріптестер арасындағы қарым қатынасты күшейтіп, дау тудыруы мүмкін сәттерді бейнебақылау арқылы көріп, талдау үшін қажет.

Айта кетейік, осыған дейін Лондон мен Рио-де-Жанейрода өткен ойынға Қазақстаннан Бақытжан Жақсығұлов шақырту алған. Тәжірибелі маман ұзақ жылдан бері халықаралық деңгейде қызмет етті. Атап айтар болсақ, олимпиадалық дәрежедегі төреші 2007 жылдан бастап, осы уақыт аралығында ересектер арасындағы 6 әлем чемпионатында, 23 жасқа дейінгі үш әлем чемпионатында, жастар арасындағы төрт әлем чемпионатында, сондай-ақ екі Азия ойындары мен 14 Азия чемпионатында жұмыс істеген. Былтыр халықаралық деңгейдегі қызметін аяқтады. Белградтағы әлем чемпионатында UWW президенті Ненад Лалович Бақытжан Жақсығұловқа арнайы алғыс айтып, құттықтау хатын табыстаған.

Қазақстан құрамасы күрес түрлерінен Париж Олимпиадасының 7 жолдамасына қол жеткізді. Оның төртеуі грек-рим, үшеуі еркін күресте.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2109915-70-adamnyng-ishinen-iriktelip-alyngan-parizh-olimpiadasynda-algash-ret-eki-qazaqstandyq-maman-toreshilik-etedi/