Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ризабекпен кілемде "тістесеміз": Әлішер Ерғали өз салмағындағы бәсекелестік жайлы айтты

Жарияланған күні:

Әлішер Ерғали мен Ризабек Айтмұхан
Әлішер Ерғали мен Ризабек Айтмұхан. Фото: instagram/qaz_olympics

Әлішер Ерғали еркін күрестен 97 кг салмақта Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайтын спортшы. Бұған дейін осы салмақта Олимпиадаға кімнің баратыны жөнінде әлеуметтік желіде қызу талқыланған. Міне осы салмақтағы бәсекелестік, Ризабек Айтмұханға деген көзқарасын, Олимпиадаға қойған мақсатын "Спорт Министрі" Youtube арнасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әлішер Ерғали өз салмағында өнер көрсететін Ризабек Айтмұханмен қарым-қатынасы және бәсекелестік туралы:

"Ризабекпен қарым-қатынасымызға іріткі түспейді. Өзіміз де ондайға қатты берілмедік. Ол жақсы жігіт. Аға-іні ретінде араласамыз. Былайша айтақанда, Ризабекпен кілемде "тістесеміз". Олимпиададан кейін бәсекелестік арта түсетіні түсінікті. Одан бөлек бұл салмақта өнер көрсететін жастар да өсіп келеді. Бәріне дайын болу керек", - деп жауап берді.

Балуан Олимпиада жеңімпаздарына берілетін сыйақының қаншалықты маңызды екенін де айтты:

"Мен үшін ақша маңызды емес, қазақтың туы желбіреуі маңызды. Бала кезден бері дайындалып келеміз. Ол кезде ақша беретінін де білмедік қой. Шынымды айтсам, мақсатым – Олимпиадада көк туымызды желбірету, қазақты әлемге таныту", - деп жауап берді.

Айта кетейік, осы жылдың ақпан айында өткен Қазақстан чемпионатында Әлішер Ерғали 14:10 есебімен Ризабек Айтмұханнан басым түскен болатын. Кейін Бішкекте (Қырғызстан) өткен күрес түрлерінен Азия құрлығының іріктеу біріншілігінде Әбусайман Хабиладан басым түсіп, Олимпиада жолдамасын иеленді.

Қазіргі таңда ел қоржынында күрес түрлерінен Париж Олимпиадасының 7 лицензиясы бар. Оның төртеуі грек-рим, үшеуі еркін күрестен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2121546-rizabekpen-kilemde-tistesemiz-alisher-ergali-oz-salmagyndagy-basekelestik-zhaily-aitty/