Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Олимпиаданың еш артықшылығы жоқ": қазақ балуаны байрақты бәсекеге дайындығы туралы айтты

Жарияланған күні:

Демеу Жадыраев
Демеу Жадыраев. Фото: Olympic.kz

Париж Олимпиадасына жолдама алған балуандардың ішінен грек-рим күресінен 77 кг дейінгі салмақта өнер көрсететін ұлттық құрама мүшесі Демеу Жадыраев жүлдеден үміткерлердің бірі. Балуан Олимпиадаға дайындығы, оның мәні мен маңызы туралы "Спорт Министрі" Youtube арнасына сұқбат берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

– Париж Олимпидасына дайындық барысы қалай жүріп жатыр? Көңіл күйлеріңіз жақсы ма?

– Бұл оқу-жаттығу жиынында күш пен шыдамдылық секілді қабілеттерді жетілдіру жұмыстарын бастап кеттік. Бәрі тамаша, ойдағыдай өтіп жатыр. Көңіл күй де жақсы.

– Басқа жігіттерден Олимпиаданың мәні мен маңызы турасында сұрап едік, олар "бала күнгі арманым", "ұзақ уақыт тер төккен еңбегімнің ақталатын сәті" деп жауап берген еді. Сіз үшін Олимпиаданың қандай маңызы бар?

– Маған қазір ештеңе де сезілмейді. Ештеңе ойлап жүрген жоқпын. Бастысы жаттықтырушылардың айтқанын бұлжытпай орындап жүрміз. Бәрі даурығып жатады, бірақ Олимпиаданың ешқандай артықшылығы жоқ. Қатардағы жарыстардың бірі, бірақ бұл доданың жауапкершілігі жоғары. Себебі төрт жылдықтың басты бәсекесі болғаннан кейін мемлекет барынша қолдау көрсетеді, барын салады.

– Олимпиадаға баратын қарсыластарды зерттеп жүрсіздер ме?

– Иә, қазіргі таңда Олимпиадаға менің салмағымда баратын балуандардың есімдері белгілі. Олардың көбісімен кездесіп те көрдік. Сырттай да танимыз. Қарсыластарымның бәрі де мықты, оңай болайын деп тұрған жоқ.

Айта кетейік, грек-рим күресінен Қазақстан командасының мүшесі Демеу Жадыраев осы жылдың сәуір айында болған Бішкектегі лицензиялық турнирде жеңіске жетіп, Париж Олимпиадасына жолдама алған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2125770-olimpiadanyng-esh-artyqshylygy-zhoq-qazaq-baluany-bairaqty-basekege-daiyndygy-turaly-aitty/