Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Париж Олимпиадасына қатысатын қазақстандық балуанның мүмкіндіктері қандай

Жарияланған күні:

Әлішер Ерғали
Әлішер Ерғали. Фото: olympic.kz

Париж Олимпиасына баратын Қазақстан құрамасының қатарында осы ірі додаға екінші рет қатысатын санаулы ғана спортшы бар. Олардың арасында еркін күрес шебері Әлішер Ерғалиді ерекше атауға болады. Жамбыл облысының тумасы саналатын ол Токио Олимпиадасында ширек финалына дейін жеткен болатын. Әлішер енді Париж Олимпиадасында тағы бір рет өзінің күшін сынап көрмекке бекінді, деп KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлішер Ерғали есімі жанкүйерлерге 2019 жылдан бері белгілі. Сол жылы Астанада өткен әлем чемпионатында ол жартылай финалға дейін жетіп, атақты Абдулрашид Садулаевтан жеңіліп қалған еді. Елімізде өткен әлемдік турнирде ол медальсыз қалғанына қарамастан, Әлішер Токиода өткен Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды.

Әлішер Ерғали
Әлішер Ерғали. Фото: Olympic.kz

2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындары да Әлішер үшін оңай болған жоқ. Әсіресе ширек финалда Әлішер Ерғалидің түрік балуанынан жеңілуі көптеген адамның арасында төрешіге байланысты дау тудырған болатын. Дегенмен төрешінің шешімі сол күйінде өзгеріссіз қалды.

Әлішер бұдан кейінгі додаларда жарқын жеңістерге қол жеткізе алмады. Ол Азия чемпионаттарының финалында екі рет жеңіліп, әлемдік біріншілікте де жолы болмады. Алайда, Әлішердің Олимпиада алдындағы беделін әлем чемпионы Ризабек Айтмұханмен белдесуі көтерді.

Әлішер Ерғали мен Ризабек Айтмұхан
Әлішер Ерғали мен Ризабек Айтмұхан. Фото: instagram/qaz_olympics

2023 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында Ризабек Айтмұхан 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Ал аталған салмақта Олимпиада жолдамасы болмағандықтан, бапкерлер Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен балуанды Бішкектегі (Қырғызстан) Азия аймақтық іріктеу турниріне жіберетінін мәлімдеді. 

Ақпан айында болған ұлттық чемпионаттың финалында Әлішер Ерғали мен Ризабек Айтмұхан арасында шиеленісті жекпе-жек өтті, онда Әлішер Ерғали 14:10 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, ол Бішкекте өткен іріктеу турнирінде лайықты түрде өнер көрсетіп, Париж Олимпиадасына жолдама алды.

Жақында Әлішер Ерғали рейтингтік турнирде ойдағыдай өнер көрсетіп, әлемдік рейтингтегі жағдайын едәуір жақсартты. Енді оның Париж Олимпиадасындағы басты қарсыластарын қарастырып, олардың қарым-қабілеттерін саралап көрелік.

97 кг дейінгі салмақ дәрежесіндегі басты фавориттердің бірі ресейлік Абдулрашид Садулаев болды, бірақ Халықаралық Олимпиада комитеті оны жарысқа жібермеді. Сол себепті, Садулаевтың орнына Алихан Жабраилов қатысуы мүмкін.

Балуан Ахмед Тажудинов
Балуан Ахмед Тажудинов. Фото: JADE GAO/AFP via Getty Images

Садулаевтың болмауы бұл салмақ дәрежесінде басқа мықты қарсыластар жоқ дегенді білдірмейді. Олимпиаданың жоғары тұғырынан үміткерлердің бірі – Бахрейн атынан бақ сынайтын дағыстандық балуан Ахмед Тажудинов. Соңғы әлем чемпионатында ол жеңімпаз атанды. 20 жастағы спортшы атақты Абдулрашид Садулаев пен америкалық Кайл Снайдерді жеңді. Сөйтіп, көптеген жыл бойы 97 кг дейінгі санатта үстемдік еткен қос мықтыдан айласын асырып, әлемдік доданың чемпионы атанды.

Балуан Кайл Снайдер
Балуан Кайл Снайдер. Фото: GUILLERMO SALGADO/AFP via Getty Images

Әрине, америкалыұ Кайл Снайдерді ешқашан есептен шығаруға болмайды. Ол үш дүркін әлем чемпионы (2015, 2017, 2022), Рио Олимпиадасының жеңімпазы және Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Парижде Снайдер өзінің үшінші Олимпиада медалі үшін барын салатыны анық.

97 кг дейінгі санаттағы Олимпиада медаліне тағы бір негізгі үміткер – Әзірбайжан елінің атынан қатысатын Магомедхан Магомедов. Бұл балуан әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері (2023, 2022), 2022 жылғы Еуропа чемпионы және Еуропа біріншіліктерінің екі дүркін күміс жүлдегері. Жақында өткен рейтингтік турнирде Магомедов Ризабек Айтмұханмен кездесіп, жеңіске жетті. Ол финалда Әлішер Ерғалимен кездесуі керек еді, бірақ белгісіз себептермен бозкілемге шығудан бас тартты.

Балуан Магомедхан Магомедов
Балуан Магомедхан Магомедов. Фото: Igor Soban/Pixsell/MB Media/Getty Images

Грузиялық балуандар әрқашан әлемдік турнирлерде жүлде салады және бұл салмақ дәрежесінде де өз бабы келіскен балуандары бар. Ол – Гиви Матчерашвили. Гиви – әлем чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері (2022, 2023), екі дүркін Еуропа чемпионы (2023, 2024), сонымен қатар Еуропалық ойындардың күміс жүлдегері.

Сонымен қатар, Еуропа біріншілігінде екі рет қола жүлдеге іліккен түркиялық Ибрагим Чифчи де Әлішер Ерғалиге басты қарсылас атануы мүмкін. Сондықтан, бұл салмақ дәрежесінде Әлішер Ерғалиге қарымды қарсылас атанар балуандар баршылық.

Балуан Гиви Матчерашвили
Балуан Гиви Матчерашвили. Фото: Igor Soban/Pixsell/MB Media/Getty Images

Айта кетейік, жанкүйерлер тағатсыздана күткен төрт жылдықтың басты спорттық оқиғасы биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Биыл Париж олимпиадасына еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 кг), Әлішер Ерғали (97 кг), Юсуп Батырмұрзаев (125 кг) ел намысын қорғайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2126751-parizh-olimpiadasyna-qatysatyn-qazaqstandyq-baluannyng-mumkindikteri-qandai/