Грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғали Париж Олимпиадасында сынға түседі. Қазіргі уақытта балуан байрақты бәсеке қарсаңындағы дайындығын пысықтап жатыр, деп KAZ.NUR.KZ Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тәжірибесі толысқан балуан Бішкек қаласында өткен лицензиялық турнирде сәтті өнер көрсетіп, Олимпиада жолдамасын еншілеген болатын. Олимпиада жолдамасы үшін таласта ол алдымен Ирак балуанынан айласын асырса, одан кейін тәжікстандық Асламжон Азизовты жеңді. Шешуші кезеңде тайпейлік балуанды айқын басымдықпен жеңген болатын. Осылайша Айдос Сұлтанғали Париж Олимпиадасының жолдамасын қанжығасына байлады.
Балуан Айдос Сұлтанғали Париж Олимпиадасында жеңіске жету жолында барын салатынын жасырмады.
"Олимпиадада бақ сынауды алдыма мақсат еттім. Арманым орындалды. Жеңіске жетуге бар күшімді саламын", - деді Айдос Сұлтанғали.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Байрақты бәсекеде ел намысын грек-рим күресінен 4 балуан қорғайды. Олар: Айдос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жадраев (77 кг), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг), Әлімхан Сыздықов (130 кг).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2139181-baluan-aidos-sultangali-olimpiadada-zhengiske-zhetuge-bar-kushimdi-salamyn/