Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елдос Сметов мансабында екінші рет Олимпиаданың финалына шықты

Жарияланған күні:

Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов
Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов. Фото: ijf.org

Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының мүшесі Елдос Сметов Франция астанасы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының финалына өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Елдос Сметов Париж татамиіндегі бәсекенің жартылай финалында испаниялық дзюдошы Франсиско Гарригоспен кездесті. 60 кг салмақ дәрежесінде өткен белдесудің негізгі уақыты тең аяқталды. Ал қосымша уақытта қазақстандық дзюдошы "иппон әдісімен" басым түсті. Енді Елдос финалда франциялық дзюдошы Лука Мхеидземен белдеседі.

Осылайша, Елдос Сметов мансабында екінші рет Олимпиаданың финалына шығып отыр. Ол Рио-2016 додасының ақтық сынына дейін барып, күміс жүлде иеленген еді. Сондай-ақ Сметов – Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері.

Еске салайық, Елдос Сметов Париж Олимпиадасының алғашқы айналымында Нидерланд спортшысы Торнике Цякадоеаны жеңсе, 1/8 финалда украиналық Дильшот Халматовтан айласын асырған еді. Ал ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Юнг Вейден басым түскен болатын.

Осыған дейін дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Әбиба Әбужақынова Олимпиаданың қола жүлдесі үшін күресетінін жазған едік. Ол швециялық Тара Бабулфатпен белдеседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2140614-eldos-smetov-parizh-olimpiadasynyng-finalyna-shyqty/