Бүгін, 27 шілде Париж Олимпиадасының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық балуан Елдос Сметов алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Елдос Сметов Париж додасының финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидземен кездесті. 60 кг салмақ дәрежесінде өткен белдесуде Елдос Сметов 1:0 есебімен жеңіп, дзюдодан Қазақстан тарихындағы алғашқы чемпион атанды. Тарихи белдесуден кейін Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті Геннадий Головкин мен Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Елдос Сметовпен фотоға түсіп, жеңісімен құттықтады.
Еске салайық, Елдос Сметов Париж Олимпиадасындағы бірінші белдесуінде Нидерланд спортшысы Торнике Цякадоеаны жеңсе, 1/8 финалда украиналық Дильшот Халматовтан айласын асырған еді. Ал ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Юнг Вейден басым түскен болатын. Кейін жартылай финалда Испания спортшысы Франсиско Гарригосты жеңіп, мансабында екінші рет Олимпиаданың финалына шықты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2140675-eldos-uzdiksing-gennadii-golovkin-olimpiada-chempiony-atangan-eldos-smetovty-quttyqtady-video/