Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Париж Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алғаннан кейін мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғұсман Қырғызбаев Париж татамиінде сербиялық спортшы Страхинья Бунчичпен қола жүлде үшін белдескен еді. 66 кг салмақ дәрежесіндегі бәсекеде қазақстандық дзюдошы "вазари" ұпайымен жеңген болатын.
"Бұл менің соңғы Олимпиадам. Жасым 32-ге келді. Сондықтан, бар күшімді осында тастадым. 60 келіде сегіз жыл күресіппін. Сол салмақта бұйырмаған Олимпиада жолдамасы 66 келіде қолға түсті.
Бүгінгі белдесулерге келер болсам, жартылай финалдағы бразилиялық жігіт басқалардан мықты дей алмаймын. Білмедім, жартылай финалда босаңсып кеттім бе... Екі ескерту бергені де ойда тұрды, кеңінен көсіле алмадым.
Ан Баулға келер болсам, соңғы екі әлем чемпионатында соған жол бердім. Валид Хиярдан да ұтылдым. Испандықты да бұрын жеңген емеспін. Бүгін бәрінен есем қайтты десем, артық емес.
Қола медальға таласқан сербиялық спортшы өте мығым екен. Бойы ұзын. Оңай болмады. Міне, көптен күткен Олимпиада медалі қоржынға түсті. Бұл жеңісті қазақ еліне, ата-анам, әйелім мен балаларыма арнаймын", - деді Ғұсман.
Айта кетейік, қазір Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының үш медалі бар. Осыған дейін мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаев қола жүлде еншілесе, дзюдошы Елдос Сметов алтын медаль иеленген еді.
- Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды
- Назым Қызайбай Олимпиада ойындарын сәтті бастады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2141005-gusman-qyrgyzbaev-bul-mening-songgy-olimpiadam/