Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Олимпиадада дзюдодан алтын медаль алған алғашқы қазақ: Елдос Сметов туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Елдос Сметов пен жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев
Елдос Сметов пен жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев: Olympic.kz

Елдос Сметов – Қазақстанның ең танымал дзюдошыларының бірі. Ол 1992 жылы 9 қыркүйекте Жамбыл облысының Қордай ауылында дүниеге келген. Елдос өзінің спорттық мансабын ерте жастан бастады және тез арада халықаралық деңгейде танымал болды. 60 кг салмақ дәрежесінде жарыстарға қатысады.

Үш Олимпиада – үш медаль

Париж. Елдос Сметовтің негізгі жетістігі – Париж Олимпиадасы. Басты спорт додасына отандасымыз үшінші мәрте шығып отыр. Сметов Париждегі Олимпиада ойындарының алғашқы айналымынан сүрінбей өтті. 60 келі салмақтағы алғашқы айналымда Сметов нидерландылық Торнуке Чакадуамен белдесті. Кездесу қосымша уақытқа дейін созылып, Торнуке үш ескерту алды. Осылайша, жеңіс Елдосқа берілді.

Келесі кезеңде Елдос Сметов украиналық Ділшот Халматовпен кездесті. Аталған спортшы өзбек балуанын жарыс жолынан шығарған болатын. Бұл кезеңде жерлесіміз украиналық Ділшот Халматовтан "ваззари" ұпайы бойынша басым болды. 

Ширек финалдық белдесуде Сметов әлемдік рейтингте бірінші тұрған Қытайлық Тайпей өкілі Ванг Вейден "ваззари" ұпайымен басым түсті. Осылайша Сметов 60 келі салмақта Олимпиаданың жартылай финалына шыққан алғашқы спортшы атанған.

Жартылай финалда Елдос әлем әрі Еуропа чемпионы, испаниялық Франсиско Гарригостан басым болды. Кездесу қосымша уақытқа дейін жалғасып, Сметов "иппон" ұпайымен жеңіске жетті.

Ал финалда Елдос Сметов татами иесі, франциялық Лука Мхидземен белдесіп, қазақтың дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

"Мүмкін емес нәрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Бәрі де қолдан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, жекпе-жек түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын! Өзімнің үшінші мүмкіндігімде чемпион атандым. Бұған дейін күмісті де, қоланы да алдым. Әлем чемпионы атандым. Халқымды қуантудан  артық бақыт жоқ", - деді Сметов чемпион атана сала берген сұқбатында.

Елдос Сметов жеңіс тұғырында
Елдос Сметов жеңіс тұғырында. Фото: t.me/olympickz

Рио-де-Жанейро. Бұған дейінгі Олимпиадасы 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өткен дода еді. Бұл сайыста Сметов күміс медаль иеленген. Бұл жетістік те оған үлкен бедел әкеліп, Қазақстанның дзюдо тарихындағы маңызды оқиға болды. Ол сондай-ақ 2015 жылы Астана қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

Токио. Ал Токиода өткен Олимпиада ойындарында 60 келі салмақта сынға түскен Елдос кіші финалда Нидерланд өкілі Торнике Цакаджоені жеңген. Жеңімпаз қосымша уақытта анықталып, Елдос "ваззари" ұпайын иеленді. 

Осылайша қазақстандық дзюдошы Токио Олимпиадасының қола медалін иеленіп отыр. 

Токио ойындарында Елдос Сметов алдымен Түркия, кейін Оңтүстік Корея балуанын жеңді. Олимпиаданың жартылай финалында жапониялық спортшы, үш дүркін әлем чемпионы Наохиса Такатоға қосымша уақытта есе жіберген-ді. 

Елдос Сметов Токио Олимпиадасында
Елдос Сметов Токио Олимпиадасында. Фото: Жеңіс Ысқабай, Қазақстан ҰОК

"Әке, мен теледидар ұтамын"

Елдос Сметовтің жетістіктерінің артында үлкен еңбек пен дайындық жатыр. Ол күн сайын бірнеше сағатын жаттығуға арнайды және өзінің физикалық және психологиялық дайындығына үлкен көңіл бөледі.

"Мен дзюдоға бес жасымда келдім. Ағаларым Жандос пен Бақберген үйдің қасында спорт мектебіне келіп, мені сол залға кіргізіп жіберген. Содан бері сол залдан шыққаным жоқ. Өмір бойы қалдым. Бұған еш өкінбеймін", - деп баяндаған Елдос спорт туралы. 

2018 жылы "Хабар" арнасы түсірген репортажда балуанның ата-анасы болашақ чемпионның балалық шағы туралы айтып берген:

Ал жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұлов Елдос үйірмеге келгеннен кейін бір айдан кейін қарымын байқағанын айтқан. Сондай-ақ деректі фильмде бала балуан күнделік жазып, армандарын жазғанын айтып берген. Сол бала шағында жаттықтырушысы жарыстан теледидар ұтып аласыңдар деп мотивация беріп, балалық шағындағы тәтті кезеңдер оның болашақ чемпион болатынына алғашқы қадам болған екен.

Елдостың кумирі – Тадахиро Номура. Жапон боксшысы да өз сияқты 60 кг салмақта өнер көрсеткен.

"Дзюдо – менің өмірім. Осы спорт түріндегі басты кумирім – Тадахиро Номура. Ол да 60 келіде күрескен. Шыны керек, оның күресі ешкімге, әсіресе, қазіргі жапон балуандарына мүлде ұқсамайды. Ол дзюдодан шыққан үш дүркін Олимпиада чемпионы", - деген екен Сметов olympic.kz басылымына берген сұхбатында. 

Jambylinfo.kz мәліметінше, Елдос Сметов – бес баланың әкесі. Спортшы аяулы жарымен 2017 жылы шаңырақ көтерген. Чемпионның кішкентайы өткен жылдың желтоқсан айында дүниеге келген. Дзюдошы ұлына Абдолла деген есім берген.

Елдос Сметов Париж төрінде чемпион атанған соң отбасына видеоқоңырау шалып, бесінші баласына қарата "Сен бала – алтын бала болдың ғой!" деп еркелеткенін ел көрді.

Үшкемпіровтің 44 жылдан кейін қайталанған ерлігі

Алтын медальді тағынған Сметов Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы айтқан.

"Мүмкін емес нәрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Бәрі де қолдан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, жекпе-жек түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын! Өзімнің үшінші мүмкіндігімде чемпион атандым. Бұған дейін күмісті де, қоланы да алдым. Әлем чемпионы атандым. Халқымды қуантудан  артық бақыт жоқ", - деген еді Сметов.

Шын мәнінде осыдан 44 жыл бұрын, 1980 жылдың 22 шілдесінде финалдық кездесуде болгар Павел Христовтан басым түскен Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанған еді. Жақсылық Үшкемпіров  арнайы дайындық жоспарын жазған деседі. Жоспарға  ұйықтау режімін, тамақтану тәртібін, тіпті жаттуғылардың реттілігін жазып отырған.  

Желі қолданушыларының салыстырған суреті
Желі қолданушыларының салыстырған суреті. Фото: tiktok.com/@b.e.dossaly

Елдос Сметов өзінің спорттық мансабынан тыс, жастар арасында спортты насихаттаумен де айналысады. Ол түрлі қайырымдылық шараларға қатысып, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық іс-шаралар ұйымдастырады. Оның басты мақсаты – жас ұрпақты спортпен айналысуға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру.

Елдостың дзюдоға қосқан үлесі

Елдос Сметов Қазақстанның дзюдо спортын халықаралық деңгейде танымал етуге үлкен үлес қосты. Оның жетістіктері көптеген жас спортшыға үлгі болып, оларды үлкен армандарға жетуге ынталандырды. Ол өзінің еңбекқорлығы, тәртібі және табандылығы арқасында спорт әлемінде үлкен беделге ие болды.

Елдос Сметовтың жетістіктері мен өмірі туралы біле отырып, біз оның қаншалықты талантты және еңбекқор спортшы екенін түсінеміз. Оның үлгісі көпшілікке спорттық жетістіктерге жету үшін қажырлы еңбек пен табандылық қажет екенін көрсетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2143957-olimpiadada-dziudodan-altyn-medal-algan-algashqy-qazaq-eldos-smetov-turaly-ne-bilesiz/