Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының мүшесі Демеу Жадыраевтың Париж Олимпиадасындағы алғашқы қарсыласы анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
77 кг салмақта күресетін Демеу Жадыраев 1/8 финалда Эквадор балуаны Джейр Куеромен кездеседі. Тікелей трансляцияны бүгін, 6 тамызда cағат 14:00-де "Хабар" телеарнасынан көруге болады.
Еске салайық, кеше Париж боз кілеміне екі қазақстандық балуан шыққан еді. Әлімхан Сыздықов алғашқы белдесуінде румыниялық Алексук-Чурариуді жеңгенімен, ширек финалда Әзербайжан өкілі Сабах Шариатиден жеңіліп қалды. Ал Айдос Сұлтанғали бірінші айналымда Қырғызстан балуаны Жоламан Шаршенбековке есе жіберді.
Әлімхан жұбаныш белдесуіне қатысуы үшін Шариати финалға өтуі керек болған. Бірақ әзербайжандық спортшы ақтық кезеңге шыға алмай, Сыздықов Олимпиаданы аяқтады. Айдос та қырғызстандық балуанның финалға өте алмауына байланысты жұбаныш белдесуінен тыс қалды.
Әзірге Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдесі бар. Төрт жылдықтың басты бәсекесі 11 тамызға дейін жалғасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2144971-parizh-olimpiadasy-demeu-zhadyraevtyng-algashqy-qarsylasy-anyqtaldy/