Грек-рим күресінен аса ауыр салмақта өнер көрсеткен кубалық балуан Михаин Лопес Нуньес Олимпиаданың бес дүркін чемпионы атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
6 тамызда грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының финалдық бәсекелері өтті. 130 кг салмақ дәрежесінің алтын жүлдесін кубалық Михаин Лопес пен Чили спортшысы Ясмани Акоста Фернандес сарапқа салды. Нәтижесінде 41 жастағы тәжірибелі балуан 6:0 есебімен жеңіп, Олимпиада ойындарының 5 дүркін чемпионы атанды. Белдесуден кейін Михаин боз кілем үстінде күреске арналған аяқ киімін шешіп, спорттық мансабын аяқтайтынын меңзеді. Келесі Олимпиада 2028 жылы Америкада өтеді.
Айта кетейік, Михаин Лопес белдескен 130 кг салмақ дәрежесінде біздің отандасымыз Әлімхан Сыздықов та өнер көрсетті. Алайда қазақстандық спортшы Румыния елінің балуанына 3:1 есебімен жеңіліп, жарыс жолын 1/8 финалда аяқтады.
Лопес – грек-рим күресінен Олимпиада алтынын бес рет жеңіп алған алғашқы балуан. Сондай-ақ оның қоржынында әлем чемпионатының бес алтыны мен үш күміс жүлдесі бар. Панамерика ойындары мен Панамерика чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Бұған дейін Олимпиада рекорды үш алтыны мен бір күміс жүлдесі бар Александр Карелинге тиесілі еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2145640-41-zhastagy-baluan-olimpiadanyng-5-durkin-chempiony-atanyp-sportpen-qosh-aitysty/