Бүгін, 7 тамызда қазақстандық балуан Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалында Жапония спортшысы Нао Кусакамен күреседі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Нао Кусака – 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2024 жылғы Азия чемпионы. Ол Біріккен күрес әлемі федерациясының 77 кг салмақ дәрежесіндегі рейтингінде 67 200 ұпаймен бірінші орында тұр.
Ал Демеу Жадыраев – 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс медаль иегері және Азия чемпионатының төрт дүркін жүлдегері (2018 жылы – күміс, 2015, 2019 және 2021 жылдары — қола). Қазақстандық балуан өз салмағындағы әлемдік рейтингте 30 013 ұпаймен төртінші орында тұр.
Демеу Жадыраев Париж боз кілеміндегі алғашқы белдесуінде Колумбия спортшысы Джейр Куеромен күресіп, мерзімінен бұрын жеңген еді. Кейін ол ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы қырғызстандық Ақжол Махмудовтан басым түсті. Ал жартылай финалда Әзербайжан спортшысы Санан Сүлеймановтан айласын асырды.
Нао Кусака 1/8 финалда алжирлік балуан Абделкрим Уакалиді тізе бүктірсе, ширек финалда өзбекстандық Арам Варданянды жеңген болатын. Ал финалға шығу үшін өткен белдесуде Армения спортшысы Малхас Амоянға мықтылығын дәлелдеді.
Кусака мен Жадыраев арасындағы белдесу бүгін, 7 тамызда өтеді. Финалдық кезең 21:15-те басталады. Тікелей трансляцияны Qazaqstan телеарнасынан көруге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2145696-alemdik-reitingting-koshbasshysy-demeu-zhadyraevtyng-finaldagy-qarsylasy-turaly-ne-bilemiz/