Қазақстандық еркін күрес шебері Мейрамбек Қартбай Париж Олимпиадасының алғашқы белдесуін өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бүгін, 8 тамызда еркін күрестен Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасындағы жарыс жолын бастады. Боз кілемге бірінші болып 57 кг салмақ дәрежесінде сынға түсетін Мейрамбек Қартбай шықты. Ол 1/8 финалда қырғыз балуаны Бекзат Алмазұлымен күш сынасты. Нәтижесінде отандасымыз 1:4 есебімен жеңіліп, Париж Олимпиадасын аяқтады. Айта кетейік, Мейрамбектің алғашқы қарсыласы қырғызстандық Бекзат 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
Сонымен қатар бүгін тағы бір қазақстандық еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков те алғашқы айналымда қарсыласына есе жіберді. Ол америкалық балуан Брукстан 3:4 есебімен жол берді.
Кеше, 7 тамызда грек-рим күресінен 77 кг салмақ дәрежесіндегі бәсекенің финалында Демеу Жадыраев жапон балуаны Нао Кусакамен күресті. Олимпиада алтынына таласта Жадыраев қарсыласына 5:2 есебімен жол беріп, күміс медаль еншіледі. Бұл – Қазақстан қоржынына түскен алтыншы жүлде. Қазір қоржынымызда 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2146321-meirambek-qartbai-23-zhastagy-qyrgyz-baluanyna-zhengilip-shirek-finalga-shyga-almady/