Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Париж Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбаймен және оның жаттықтырушысы Асқар Еркебаевпен кездесті. Бұл туралы қала басшысының Instagram-дағы жеке парақшасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Әкім демеушілердің есебінен спортшының өзіне Land Rover Defender автокөлігінің кілті, ал жаттықтырушысына 10 млн теңгенің сертификаты табысталғанын мәлім етті.
"Нұрбек Оралбай еліміздің әрі қаламыздың атынан сынға түсті. Оның бұл жетістігінің артында мыңдаған сағаттық жаттығу, сол сияқты отбасының, жаттықтырушысының және туыстарының қолдауы мен өзіне деген сенімі жатыр.
Демеушілер есебінен Нұрбек Оралбайға Land Rover Defender автокөлігінің кілті, ал жаттықтырушысына 10 млн теңгенің сертификаты табыс етілді. Спортшыларымызға биік-биік шыңдарды бағындыруын тілеймін!", - деп жазды қала басшысы.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасына Қазақстан ерлер құрамасы сапынан 7 боксшы қатысқан еді. Оның ішінде тек Нұрбек Оралбай финалға дейін жетті.
Қазақстандық боксшы финалда Александр Хижнякпен (Украина) жұдырықтасты. 80 кг салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте Украина спортшысы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, алтын медаль жеңіп алды. Ал Нұрбек Оралбай күміс жүлде еншіледі. Кейін Александр Хижняк жекпе-жек туралы ойын айтып берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2151714-kolikting-kilti-10-mln-tenggening-sertifikaty-elorda-akimi-parizh-olimpiadasynyng-kumis-zhuldegeri-nurbek-oralbaimen-kezdesti/