Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дәулет Тұрлыханов: спорттағы жолы, жетістіктері және отбасы

Жарияланған күні:

Дәулет Тұрлыханов мінберде
Дәулет Тұрлыханов мінберде. Фото: "Сердце Борца" деректі фильмінен кадр

Дәулет Тұрлыханов – қазақ спортында өз орны бар көрнекті тұлға, Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионатының жеңімпазы және Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Оның спорттағы жетістіктері ғана емес, отбасы құндылықтарына адалдығы да халық арасында үлкен беделге ие.

Тұрлыханов әулеті

Дәулет Тұрлыханов Шығыс Қазақстан облысы (қазіргі Абай облысы) Жарма ауданы, Қалбатау ауылында 1963 жылдың 18 қарашасында дүниеге келген.

Дәулет Тұрлыхановтың әкесі және оның алғашқы жаттықтырушысы Болат Тұрлыханов қазақтың атақты балуаны, кейін республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы болған. 1993 жылы қайтыс болған Болат Тұрлыхановты еске алу үшін 1994 жылдан бастап Семейде грек-рим күресінен жыл сайынғы турнир, 2017 жылдан бастап Алматыда "Болат Тұрлыханов Кубогы" өткізіліп келеді. Қала көшелерінің бірі оның есімімен аталады.

Ал Тұрлыхан атасы туралы атақты спортшы "Дидар" газетіне берген сұхбатында баяндаған. Ол атасының жерленген жері Нижний Тагилде екенін айтқан. 2013 жылғы сұхбатында ол атасының басына тастан белгі орнатып, құран оқытып келгенін айтқан. Тұрлыхан кеңестің репрессиялық зобалаңына түскен жан екен.

Атасы Тұрлыхан "Алаш" құрамында болған

"Әкеміздің қарындасы мен анамыздың бауырынан басқа ағайындар өмірден өтіп кетті. Атамыз – Тұрлыхан Қасенұлы жақсы білім алып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанып, отыздан енді асқан жас шағында сталиндік-голощекиндік нәубеттің торына ілігіп кете барған екен. 1937 жылы 22 желтоқсанда Алматы қаласында "халық жауы" деген айыппен ұсталыпты. Атамның жеке ісінің құжаттарының көшірмесін түсіріп, анамның қолына тапсырдым. Мұрағат қызметкерлері 1938 жылы ақпан айында абақтыда түскен суретін сыйлады", - дейді ол.

Оның сөзінше, тергеу қағаздарында, жеке іс құжаттарында көрсетілген деректер бойынша, атасы Тұрлыхан өзін кінәлі деп санамағаны байқалады. Айыптау материалдарында оның "Алаш" партиясының құрамында, сондай-ақ, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтермен жақсы қарым-қатынаста болғаны туралы жазылған. Байдың баласы екені де көрсетілген.

"Ол 1938 жылы көктем айларынан бастап, 1940 жылдың жазына дейін СССР прокуратурасына үздіксіз арыз жазып отырған екен. Онда өзінің кінәлі еместігін, заңсыз абақтыда отырғанын егжей-тегжейлі қағазға түсірген. Алайда, аталған арыздарды СССР прокуратурасы Алматы облысының прокуратурасына түсіріп, істі қарауға негіз жоқ деп қайтарып отырады. Мұның өнімсіз іс екенінен шаршаған болуы керек, соңғы шағымын 1940 жылдың жазында жазыпты. Бір айта кетерлігі, түрме бастығы ай сайын әр тұтқынға анықтама жазып отырыпты. Ол атамыз туралы "тәртібі жақсы, тапсырған жұмысты істейді" деген сыңайда анықтама жазып қалдырған екен. Бұл құжаттан сол кезде атқарған жұмыстың көлемін пайызбен белгілейтінін байқадым.

Жас жұбайы мен екі ұлына деген сағынышы, бостандыққа деген аңсары атамыздың қолынан келгенше абақтыдан шығу жолдарын ойластырғанынан аңғарылатын сияқты. Өйткені, Тұрлыханның артынан ешкім іздеп келе алмаған, арқа сүйер тірегі де болмаған. Сондықтан, екі жыл бойы шағым жазып, заң орындарынан үміт үзбей жанталасқаны байқалады.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Тұтқындарға "халық жауы" деген қара таңба басылған. Ал соғыста "Бәрі де майдан үшін!" деген ұран көтерілгені белгілі. Бұл кезде онсыз да күндері қараң тұтқындарды аш-жалаңаштығына қарамай, кен игеру жұмыстарына аяусыз салған. Осыдан бастап ағзасы да күйзеліп, әбден титықтаған атамыз 1942 жылдың 2 қазанында о дүниелік болыпты", - деп баяндаған Дәулет Тұрлыханов атасы туралы.

Шешесі Марзия Тұрлыханова Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ұстазы. 2019 жылы қайтыс болған.

"Ұстаздар отбасында өстік. Марқұм әке-шешем екеуі де ұстаз болды. 8 ұл, 2 қыз болдық. Сөйтіп жүріп, ауыл балаларымен бірге еркін күрес секциясына бардым", - деп баяндаған спортшы спортқа келуі туралы "Тәуелсіздік тарландары" деректі фильмінде.

Әйелі Гүлнар Ысмағұлқызы Тұрлыханова 1966 жылы 17 наурызда Қызылорда облысында дүниеге келген. ҚазПИ физика-математика факультетін бітірген. 1997 жылдан бастап Қазақстан Республикасы гандбол федерациясын басқарады, сондай-ақ Азия гандбол федерациясының вице-президенті. Бүгінгі таңда Тұрлыханов бес баланың әкесі.

Дәулет Тұрлыхановтың мансап жолы

Дәулет Тұрлыханов сұхбаттарының бірінде әкесі ауылдан Алматыдағы мектеп-интернатқа қалай әкеліп тапсырғанын айтып берген.

"6-сыныпта әкем Алматыға алып келді. Дарынды балаларға арналған Республикалық спорт мектеп-интернатына әкелді. Мені негізі еркін күрес сыныбына тапсырғысы келген, бірақ интернатта ондай сынып жоқ болғандықтан, грек-рим күресіне берді. Тестілеу емтиханын тапсырып, сол оқу орнына қабылдандым. Әкем сол кезде 26 немесе 27 тамыз еді, мені құшақтап, бетімнен сүйіп, жақсы оқы деп кетті. Бірден үйімді сағынып, жат жерде жалғыз қалып қойдым. Анам басында қарсылық білдірген екен, бірақ әкем дарыным туралы айтып, көндірді", - дейді ол.

Жас атлеттің үлкен спорттағы өмірі осындай қадамдардан басталған. Әрі қарай ол түрлі қалалық, облыстық додаларға түсіп, жүлделі орындар ала бастаған.

Қазақ дене шынықтыру институтын, дене шынықтыру мұғалімі-тренер мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұдан кейін Қазақ мемлекеттік Спорт және туризм академиясын заңгер мамандығында оқыған.

2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы және 2006 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін экономика мамандығы бойынша бітірген.

Дәулет Тұрлыханов спортқа ерте жастан қызығушылық танытып, күреспен айналыса бастады. Ол алғаш рет үлкен спорт әлеміне жасөспірім кезінен қадам басты. Жас кезінен өзіне деген сенімділік пен мақсатқа ұмтылушылық оның басты қасиеттері болды. 74 және 82 келіге дейінгі салмақта спорт қуған оның жетістіктері өте көп.

Оның ең ірі жетістіктерінің бірі 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиада ойындарында күміс медаль алу болды. Бұл жетістік оны Қазақстанның мақтанышы етті және оның есімін халықаралық аренада танытты. Дәулет Тұрлыханов спорттағы мансабында бірнеше мәрте әлем чемпионы атанып, Азия чемпионаттарында алтын медаль жеңіп алды.

Дәулет Тұрлыханов – грек-рим күресі бойынша Қазақ спортындағы аса көрнекті тұлғалардың бірі. Ол көптеген халықаралық жарыстарда елдің намысын қорғап, үлкен жетістіктерге жеткен. Дәулет Тұрлыхановтың жетістіктер тізімі өте бай. Ол:

  • КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері,
  • 1988 жылы Сеулде өткен XXIV жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері,
  • 1992 жылы Барселонада өткен XXV жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері,
  • 1986-1992 жылдар аралығында жеті мәрте КСРО чемпионы атанған,
  • 1986 жылы Әлем Кубогының иегері,
  • 1987 жылы Еуропа чемпионы, сол жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері,
  • 1989 жылы Әлем чемпионы,
  • 1990 жылы Әлем Кубогының иегері,
  • 1991 жылы КСРО халықтарының Спартакиадасының жеңімпазы,
  • 1993 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері,
  • 1994 жылы Хиросимада өткен 12-ші Азия ойындарының жеңімпазы,
  • 1995 жылы Азия чемпионы,
  • 1996 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдегері,
  • 1997 жылы Пусанда өткен Шығыс Азия ойындарының қола жүлдегері.

Дәулет Тұрлыхановтың спорттық жолы – табандылық пен еңбекқорлықтың, елге деген шынайы сүйіспеншілік пен патриотизмнің жарқын үлгісі. Оның жетістіктері Қазақстанның спорт тарихында алтын әріптермен жазылған.

Дәулет Тұрлыхановтың спорттағы жолы оның еңбекқорлығын, төзімділігін және жеңіске деген құштарлығын көрсетеді. Ол көптеген жас спортшыға үлгі болып, оларды үлкен жетістіктерге жетуге ынталандырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2154217-daulet-turlyhanov-sporttagy-zholy-zhetistikteri-zhane-otbasy/