Пара дзюдодан Париж Паралимпиадасының чемпионы атанған Ақмарал Науатбек финалдан кейінгі әсерін бөлісті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ақмарал Науатбек Паралимпиада ойындарында дзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде J2 санатында сынға түсіп, финалда франциялық спортшы Сандрин Мартинетті 10:0 есебімен жеңген еді.
"Мен өте қуаныштымын. Әрине, қатты қобалжыдым. Қарсыласым өз елінде күресті. Өздеріңіз де оған деген қолдау қандай болғанын естіген шығарсыздар. Бірақ мен қорқынышымды жеңе білдім, алтын ұтқаныма өте қуаныштымын.
Бұл қарсыласым маған бұрыннан таныс, әлем чемпионатында кездескен едім. Ол физикалық тұрғыдан өте қиын қарсылас", - деді Ақмарал Науатбек Qazaqstan телеарнасына берген cұқбатында.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмарал Науатбекті жеңісімен құттықтады.
Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде Париж Паралимпиадасының 5 жүлдесі бар. Пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев және пара дзюдодан Ақмарал Науатбек алтын жүлдені қоржынға салса, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов және пара жүзуден Нұрдәулет Жұмағали күміс, ал пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қола жүлде жеңіп алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2157910-qarsylasym-oz-elinde-kuresti-qatty-qobalzhydym-aqmaral-nauatbek-paralimpiada-finaly-turaly-aitty/