Түнде Чемпиондар лигасының финалында "Бавария" мен "Псж" клубтары кездесіп, жеңімпазды анықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Ақтық мәре Лиссабон қаласының "Эштадиу да Луш" стадионында өтті.
"Бавария" мен "Псж" клубтары да ойынды қарқынды бастап, гол соғатын бірнеше мүмкіндіктерге ие болды. Алайда, қақпашылар Нойер мен Навас өздерінің мықтылығын танытты.
Осылайша, матчтың бірінші таймында есеп ашылған жоқ.
Ойынның екінші бөлігінде де командалар алма кезек шабуылдарға иек артты. Соның нәтижесінде 59-минутында "Бавария" сапынан Кингсли Коман көзге түсті. Оған гол соғатын пасты Йозуа Киммих берді.
Тартысты өткен матч осы есеппен аяқталды. Париждік клубты жеңген "Бавария" тарихтағы Чемпиондар лигасының алтыншы рет жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, чемпиондар лигасының ширек финалында "Бавария" Кике Сетьен жаттықтырған каталондық клубтың қақпасына сегіз гол соқты, жалпы есеп: 2-8.
Осыдан кейін әлеуметтік желіде "Барселонаның" бас бапкерін сынға алғандар еселене түсті. Олар жеңіліске кінәлілердің бірі жаттықтырушы деп санады.
Ақырында Кике Сетьен қызметінен кетіп, оның орнына футболдан Нидерланды ұлттық құрамасының бас бапкері болған Рональд Куман келді.
Ал жартылай финалда мюнхендік ұжым "Лион" клубынан айласын асырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1870721-bavaria-cempiondar-ligasyny-zeimpazy-atandy-video/