Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында "Астана" футбол клубы сырт алаңда Польшаның "Ракув" командасымен кездесті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мачтың небәрі төртінші минутында "Ракув" футболшысы Иван Лопес есеп ашты.
Осыдан кейін "Астана" клубы басымдықты қолға алуға тырысты. Нәтижесінде жиырма бірінші минутта елордалық клубтың шабуылшысына қарсы ережені бұзғаны үшін Деян Сореску алаңнан қуылды.
"Астана" клубы бір ойыншы басымдығына қарамастан алғашқы таймның соңғы минуттарында қақпасына тағы бір гол жіберіп алды. Доп Матеуш Вдовяктың атына жазылды.
62 минутта елордалық ұжымның жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев қызыл қағаз алды.
Бұдан соң "Ракув" клубы басымдықты толықтай қолына алып, қарсыластарының қақпасынан тағы үш рет саңылау тапты.
Гол авторлары: Владислав Гутковский, Владислав Кочергин, Фран Тудор.
Осылайша, "Астана" футбол клубы сырт алаңда "Ракувтан" 5:0 есебімен жеңілді.
Айта кетейік, қос клуб арасындағы жауапты ойын 28 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласындаға "Астана арена" стадионында өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1979690-astana-futbol-kluby-syrt-alanda-polsalyq-komandadan-50-esebimen-zenildi/