Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатында Португалия мен Гана құрамалары кездесіп, Криштиану Роналду кезекті рекордын орнатты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ойынның 65-минутында ганалықтар Роналдуға қарсы ойын ережесін бұзып, Криштиану 11 метрлік айып добын сәтті орындады. Осылайша, қатарынан бесінші әлем чемпионатында гол соққан тарихтағы тұңғыш футболшы атанды. Ол өзі қатысқан әлем біріншіліктерінің бірде бірінен голсыз кетпеген.
Роналду әлем чемпионатындағы алғашқы голын 2006 жылы Германияда өткен мундиалда Иран қақпасына соқты. Содан бері ол 2010, 2014, 2018 және 2022 жылғы доп додасына мергендігімен көзге түскен.
Ал Криштианудың басты қарсыласы Лионель Месси де бесінші әлем чемпионатына қатысуда. Бірақ ол 2010 жылғы әлемдік сында мүлде гол соқпаған.
Айтпақшы, Роналдудың бүгінгі голын атап өткен сәті де жанкүйерлер көзіне ерекше түсті. Ол алаң жиегінде ілініп тұрған Мессидің суреті бар плакат алдында жеңісін тойлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/1998857-ronaldu-besinsi-alem-cempionatyndagy-golyn-messidin-aldynda-toilady/