Футболдан Қазақстан құрамасы сырт алаңда Солтүстік Ирландия командасын жеңді. Бұл жеңісті ойыншылар өрттен зардап шеккен Абай облысына арнады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Құраманың қорғаушысы Абзал Бейсебеков матчтан соң сұхбат беріп, бұл жеңісті барша Қазақстан халқына арнайтындарын айтты.
"Ойын өте қиын болды. Өздеріңіз көргендей, көбінесе қорғаныста болдық. Қарсы шабуылмен шығуға тырыстық. Алланың қалауымен ұттық. Бұл жеңісті бүкіл Қазақстанға арнаймыз. Әсіресе, Абай облысына", - деді Бейсебеков федерацияның ресми сайтына берген сұхбатында.
Сондай-ақ матчтағы жалғыз голды соққан Абат Айымбетов те бұл жеңісті Абай облысына арнайтынын жеткізді.
"Қазақстан құрамасына ойнау мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл жеңісімді барша Қазақстан халқына, әсіресе, Абай облысындағы өрттен зардап шеккен жандарға арнағым келеді", - деді Айымбетов Meta-Ratings.kz сайтына берген сұхбатында.
Сондай-ақ құраманың бас бапкері Магомед Адиев те Қазақстан командасының жеңісі Абай облысындағы алапат өрттен зардап шеккендерге арналатынын айтқан.
Сырт алаңда Солтүстік Ирландияны ұтқан соң, Қазақстан командасы Н тобында 9 ұпай алып, екінші орында келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2025570-abai-oblysyna-arnaimyz-otandyq-futbolsylar-syrt-alandagy-sensaciyalyq-zenisten-son-ne-aitty/