Қазақстандық Бахтиер Зайнутдинов өнер көрсететін "Бешикташ" командасы Түркия чемпионатында "Трабзонспор" клубынан ойсырата жеңілді. Кездесу 3:0 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Sports.kz.
"Бешикташ" қонақта өткізген кездесуде өз қақпасына үш гол жіберіп алды. Алаң иелері сапынан есепті Пол Онуачу (29-минут) ашты. Артынан Анастасиос Бакасетас (41-минут) пен Эдин Вишча (61-минут) есепті еселей түсті.
Айта кетерлігі, қос команда арасында нағыз фаворит ретінде "Бешикташ" саналған болатын. Стамбулдық клуб осы жылдың ақпан айынан бері жеңіліс таппай келе жатқан.
Қазақстандық жартылай қорғаушы Бахтиер Зайнутдинов ойынға тек 80 минутта қосылды.
"Бешикташ" осы маусымда өткізген төрт матчтан кейін жеті ұпай иеленіп, турнирлік кестеде тоғызыншы орында тұр.
Қарсыласы "Трабзонспор" болса, бес ойыннан кейін тоғыз ұпаймен төртінші орында келе жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2037024-baxtier-zainutdinovtyn-komandasy-turkiya-cempionatynda-oisyrata-zenildi/