Франция ұлттық құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппенің туған інісі Этан Мбаппе "ПСЖ" сапындағы алғашқы ойынын өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бүгін, 21 желтоқсанда 16 жастағы Этан Мбаппе Франция чемпионатының 17-туры аясында "Мец" футбол клубына қарсы өткен ойынның 91-минутында алаңға шықты. Алайда париждік клубтың негізгі командасы сапындағы алғашқы матчында гол немесе нәтижелі пас авторы атана алмады. Десе де "ПСЖ" Этанның көмегінсіз-ақ жеңіске жетті (3:1).
Кездесудің алғашқы голын 49-минутта Витинья соқса, Килиан Мбаппе 60-минутта есепті 2:0 жеткізді. Араға 12 минут салып алаң қонақтары сапындағы футболшы Удол есепті қысқартты. Десе де 83-минутта Килиан Мбаппе дубль авторы атанып, ойынның соңғы голын соқты.
Этан осыған дейін "ПСЖ" клубының жастар командасында (U19) өнер көрсеткен еді. Биылғы маусымда 12 матчқа қатысып, 3 гол мен 2 нәтижелі пастың авторы атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2051846-kilian-mbappenin-inisi-psz-sapynda-debyut-zasady/