Сауд Арабиясы Про-лигасының 17-туры аясында "Әл-Наср" мен "Әл-Иттихад" клубы кездесті. Матч кезінде португалиялық спортшы Криштиану Роналду дубль жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кездесуде "Әл-Наср" клубы 5-2 есебімен жеңді. Бес голдың екеуін команда капитаны Криштиану Роналду пенальти арқылы салды. Осылайша ол өзінің кәсіби мансабындағы 157-дубліне қол жеткізіп, дубль саны бойынша "Интер Майамидің" шабуылшысы Лионель Мессимен теңесті. Сондай-ақ Роналду 2023 жылғы үздік бомбардирлер тізімінде бірінші орынға шықты (53 гол).
"Әл-Иттихадты" жеңгеннен кейін Роналду Instagram желісінде жазба жариялады.
"Маңызды жеңіс! Біз тоқтамаймыз!", - деп жазды футболшы.
Қазір "Әл-Наср" клубы футболдан Сауд Арабиясы чемпионатының турнир кестесінде 43 ұпаймен екінші орында тұр.
Айта кетейік, Роналду 2023 жылдың қаңтарынан бастап "Әл-Наср " сапында ойнайды. Ол клубпен 2025 жылға дейін келісімшартқа отырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2052896-otken-matcta-eki-gol-salgan-ronaldu-dubl-sany-boiynsa-messimen-tenesti/