"Барселона" футбол клубының бапкері Хави Эрнандес "Реал Мадрид" пен "Альмерия" командалары арасындағы кездесудің төрелігіне қатысты пікірін айтты. Кейін оның ойына "Барселона" командасының президенттігіне үміткер болған Тони Фрейша жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ cope.es порталының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Барселона" командасы "Реал Бетисті" 2:4 есебімен жеңгеннен кейін, Хави Эрнандес матчтан кейінгі баспасөз мәслихатына қатысты. Бапкер "Реал Мадрид" пен "Альмерия" арасындағы матчтың төрелігіне қатысты пікірін айтты.
"Бәрі "Реал Мадрид" пен "Альмерия" матчындағы төрелікті көрді. Мен бұл чемпионатта жеңу қиын болатынын әлдеқашан айттым. Кейбіреуі ұмытып қалған шығар, бірақ біз бұл чемпионатта тағы 6 ұпай алар едік. Бұл ақталу емес, бұл шындық. Біз бақылай алмайтын дүниелер бар. Бүгін бәрі оған куә болды", — деді Хави Эрнандес баспасөз мәслихатында.
Осыдан кейін "Барселонаның" командасының президенттігіне үміткер болған Тони Фрейша Хавидің сөзіне қатысты пікірін білдірді.
"Хави "Реал" мен "Альмерия" арасындағы матчтың төрелігін сынап жатыр ма? Мен тіпті өзің көрмеген матчтың төрелігіне мін тағу ұят деп ойлаймын. Хави жеңсе ғана өзін күшті санайды, ал жеңілсе басқаларды кінәлап шыға келеді", — деді Фрейша СOPE порталына берген сұхбатында.
Айта кетейік, "Реал Мадрид" командасы Испания чемпионатының 21-туры аясында "Альмериямен" кездесіп, 3:2 есебімен жеңген еді. Қазір "Реал Мадрид" турнир кестесінде 51 ұпаймен 2-орында, ал "Альмерия" 6 ұпаймен соңғы орында тұр. "Барселона" командасы 44 ұпаймен 3-орынға табан тіреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2057055-xavi-zenilse-basqalardy-kinalap-sygady-barselona-futbol-klubynyn-bapkeri-synga-usyrady/