Бүгін, 5 ақпанда португалиялық футболшы Криштиану Роналду 39 жасқа толды. KAZ.NUR.KZ тілшісі футболшы туралы 5 қызық факт ұсынады.
1. Роналдудың есімі АҚШ президентінің құрметіне қойылған
Футболшының толық аты – Криштиану Роналду Душ Сантуш Авейру. Тегі – Авейру. Ал есімі – Криштиану Роналду. Спортшының әкесі белгілі актер және АҚШ-тың 40-президенті Рональд Рейганның жанкүйері болған. Сондықтан 1985 жылы дүниеге келген ұлына екінші есім ретінде Роналду деген атты таңдаған көрінеді.
2. Футболшының жеке мұражайы бар
2013 жылы Португалияның Мадейра аралындағы Фуншал қаласында Роналдудың CR7 атты мұражайы ашылды. Мұражайдың ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, ол жерде футболшының "алтын доптары", "алтын бутсылары" және басқа да марапаттары мен жанкүйерлерден келген хаттар сақталған.
3. Роналду – "Пушкаш" жүлдесін жеңген алғашқы футболшы
2009 жылы ФИФА қауымдастығы мажар футболшысы Ференц Пушкаш атындағы жүлде тағайындады. Бұл марапат ең үздік гол авторына беріледі. Сол жылы Роналду "Манчестер Юнайтед" сапындағы теңдесіз голы үшін Пушкаш жүлдесін жеңіп алған еді.
4. Роналду – Instagram желісінде ең көп оқырманы бар адам
Қазіргі таңда португалиялық футболшының Instagram желісіндегі парақшасында 620 млн оқырман бар. Роналду 584 адамға, оның ішінде қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге жазылған.
5. Атауы Роналдудың құрметіне қойылған галактика бар
2015 жылы Нуэва де Лиссабон Университетінің астроном ғалымдары жаңа галактика тауып, оны Роналдудың құрметіне CR7 деп атаған. Еуропа оңтүстік обсерваториясының мәліметінше, CR7 галактикасының жарықтығы өзге жұлдыздармен салыстырғанда 3 есе артық, ал күн жарығынан триллион есе күшті. Астрономдар CR7 жас галактикасының құрамы мол мөлшерлі сутек пен гелийден тұратынын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2059086-bugin-kristianu-ronaldudyn-tugan-kuni-futbolsy-turaly-5-qyzyq-fakt/