Санкт-Петербургтің "Зенит" футбол клубының бас бапкері Сергей Семак қазақстандық ойыншы Нұралы Әліптің ойыны туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Матч ТВ телеарнасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас бапкер Нұралы Әліптің бразилиялық бәсекелесі Роберт Ренанға қарағанда сенімді ойнағанын атап өтті.
"Ол Роберт Ренанға қарсы бәсекеде жеңіске жетті. Бұл екі қорғаушы бірге ойнай алатын еді, бірақ олар көбінесе бір позиция үшін күресті. Нұралы Робертке қарағанда сенімді ойнады. Оның мықты жақтары – жылдамдық пен допқа күрес. Қазақстандық футболшы бұл элементтерде өте жақсы.
Нұралының прогрессі оның жақсы оқып, салмақты да жақсы жинап жатқанымен байланысты деп ойлаймын. Оған қоса, тәжірибе жинақтап, команданың талаптарын меңгеріп алды. Кемшіліктері де бар, бірақ жалпы алғанда, маусымның бірінші бөлігіндегі Әліптің аяқ алысы мен қазір оқу-жаттығу жиынындағы матчтарда қалай ойнап жатқанын салыстырсақ, нәтиже көңіл қуантады", – деді Семак "Матч ТВ" телеарнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, қаңтар айының басында "Зенит" клубы 20 жастағы Ренанның бразилиялық "Интернасионал" командасына жалға берілгенін хабарлаған болатын. Келісім 2024 жылғы Бразилия футбол маусымының соңына дейін жарамды. Биылғы маусымда 24 жастағы Нұралы Әліп барлық турнирде 23 матчқа қатысты.
Еске салайық, шетелдік сарапшы Нұралы Әліпті Бенземаның бұрынғы клубына ұсынғанын жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2061892-zenittin-bapkeri-nuraly-alipke-qatysty-tosyn-malimdeme-zasady/