Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) Чемпиондар лигасының жаңа форматын таныстырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ УЕФА ұйымының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа форматқа сәйкес, турнирге бұрынғыдай 32 емес, енді 36 команда қатысады. Олар әр топқа бөлінбей, швейцариялық жүйе бойынша бір турнир кестесінде орналасады. Сондай-ақ әр команда 8 ойын өткізеді. Оның төртеуі өз алаңында, қалған төртеуі сырт алаңда болады.
Турнирдің плей-офф кезеңіне шығу форматы да өзгерді. Енді бұл кезеңге 16 емес, 24 команда жолдама алады. Кестедегі алғашқы сегіз команда тікелей 1/8 финалға өтсе, 9-24 орындағы командалар өзара 8 жолдаманы сарапқа салады. Ал 25-36 орын алған клубтар жарысты аяқтайды.
Айта кетейік, 2022/23 жылғы маусымда Чемпиондар лигасында "Манчестер Сити" жеңіске жеткен еді. Бұл команда финалда "Интерді" 1:0 есебімен ұтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2064528-uefa-uiymy-cempiondar-ligasynyn-zana-formatyn-tanystyrdy/