Алматылық "Қайрат" Қазақстан премьер-лигасы (ҚПЛ) аясында сырт алаңда өткен матчта қызылордалық "Қайсардан" сенсациялық түрде ұтылып қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Кездесу Ғани Мұратбаев атындағы стадионда өтіп, 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Жалғыз голды 2-таймға қосылған төртінші минутта Айбар Жақсылықов соқты. Ол қақпашы Данил Устименконың қателігін сәтті пайдаланды.
Ал Данил дәл сол сәтте жарақат алып, соңғы секундтарда қақпаны орталық қорғаушы Дамир Қасабұлат қорғады.
Осылайша "Қайрат" ҚПЛ-дағы жеңіссіз сериясын үш матчқа дейін ұзартты. Соңғы алты кездесуден кейін алматылықтрдың қоржынында 8 ұпай бар және олар кестенің алтыншы орнына жайғасты. Қалған матчтардың қорытындысы бойынша оны семейлік "Елімай" мен талдықорғандық "Жетісу" басып озуы мүмкін.
Ал "Қайсар" ҚПЛ маусымында алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, жеңіліссіз сериясын екі кездесуге дейін жеткізді. Қызылордалықтар бес матчтан кейін төрт ұпаймен кестенің соңғы орнынан көтеріліп, 12-орынға табан тіреді. Осылайша олар қарағандылық "Шахтерді" басып озды.
Келесі кезеңде "Қайрат" өз алаңында "Атырауды" қабылдайды, ал "Қайсар" сырт алаңда "Шахтермен" ойнайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2092277-qairat-songgy-sekundtarda-qpl-autsaiderine-utylyp-qaldy/