Айбол Әбікен шымкенттік "Ордабасы" футбол клубының ойыншысы атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Ордабасының" Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Ресми: Айбол Әбікен – "Ордабасы" ойыншысы. Айбол, отбасымызға қош келдің", - делінген шымкенттік клубтың Instagram-дағы парақшасында.
Айта кетейік, Айбол Әбікен 2022 жылы павлодарлық "Ақсу" сапында ойнап жүрген кезде допинг сынамасында тыйым салынған зат анықталғанына байланысты төрт жылға спорттан шеттетілген еді. Алайда Ұлттық антидопинг орталығының хабарлауынша, ФИФА бұл мерзімді екі жылға қысқартты.
Айбол Әбікен - алматылық "Қайрат" футбол клубының шәкірті. Кәсіпқой футболдағы мансабын да дәл осы клубтан бастаған. Осы команданың U19, жастар және негізгі құрамында өнер көрсеткен. Сонымен қатар "Ақсу" ұжымында да доп тепті. Алматылық клуб сапында 2019 жылы Қазақстан Премьер лигасының чемпионы атанды.
Еске салайық, Айбол Әбікен ұлттық құрама сапына шақырту алғысы келетінін мәлімдеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2093603-aibol-abiken-ordabasy-futbol-klubynyng-oiynshysy-atandy/