Шымкенттік "Қыран" футбол клубы Қазақстан футбол лигасының (QFL) 2024 жылғы маусымдағы турнирлеріне қатысуға мүмкіндік беретін лицензиясынан айырылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ QFL-дің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Лиганың ресми мәлімдемесіне cүйенсек, команданы жарыстан шеттетуге ҚР футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі ережелерді орындамағаны себеп болған.
QFL бірнеше мәрте "Қыран" клубының басшылығына командадағы қолайсыз жағдайға байланысты түсіндірмені сұрап, QFL Бірінші лигасының Регламентін сақтауды ескерткен болатын.
"Лига үшін жарыстағы спорттық қағидаларды ұстану және футбол клубтарының бәсекелестігін сақтау әрдайым маңызды. Сондықтан 'Қыран" клубының лицензиясынан айыру мәжбүрлі шара болды", - делінген мәлімдемеде.
Осылайша, "Қыран" ФК қатысуымен өткен бұған дейінгі матчтар есептелмейді және күнтізбедегі алдағы кездесулер өтпейді.
"Қыран" осы маусымда QFL Қазақстан кубогының алдын ала кезеңі мен QFL Бірінші лигасының 10 турында бақ сынады. Сондай-ақ, командаға екі мәрте QFL Бірінші лигасында техникалық жеңіліс берілді. Клуб 2024 жылдың 11 сәуірінде 2-тур аясындағы "Екібастұз" ФК, 2 мамыр күні 5-тур аясында SD Family ФК, 6 мамыр күні 10-тур аясында "Алтайға" қарсы сырт алаңдағы ойындарға бармады.
Ал 2024 жылдың 17 мамырында "Қайрат-Жастар' командасымен өткен матчта 11 ғана футболшы ғана тіркеліп, қосалқы ойыншылар болмады. Командада қаржылық қиындықтар бар, сондай-ақ футболшыларды тіркеуге тыйым салынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2116629-qazaqstandyq-futbol-kluby-litsenziiasynan-aiyryldy/