Грузия футбол құрамасы тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне өтті. Бұл жетістікті грузиялық жанкүйерлер дүркіретіп тойлап жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
27 маусымға қараған түні Грузия құрамасы Роналду бастаған Португалияны 2:0 есебімен жеңіп, F тобында 4 ұпаймен, 3-орынға табан тіреді. Десе де бұл нәтиже келесі кезеңге өту үшін жеткілікті болды. Осылайша, Грузия құрамасы тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының плей-офф сатысына жолдама алды.
Бұл жеңісті грузиялық жанкүйерлер көшеге шығып тойлады. Грузия астанасы Тбилисиде туды желбіретіп, шеру жасаған тұрғындардың видеосы желіде тарап жатыр.
Сондай-ақ Батуми қаласында да жанкүйерлер түнімен жеңісті атап өтті. Желіде тараған видеолардан қала көшелерінде ұзын-сонар кептеліс болғаны көрінеді.
Айта кетейік, Грузия құрамасы 30 маусымда 1/8 финалда Испанияға қарсы ойнайды. Матч Германияның Кельн қаласындағы "Райн-Энерги" cтадионында өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады.
Футболдан Еуропа чемпионаты Германияның 10 қаласында өтіп жатыр. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша 24 құраманың 16-сы плей-оффқа шықты. Турнирдің финалы 14 шілдеде Берлиндегі "Олимпиада" стадионында болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2124807-gruziialyqtar-futboldan-europa-chempionatyndagy-tarihi-zhengisti-qalai-toilady-video/