Ресейлік "Зенит" пен аргентиналық "Тальерес" футбол клубтары кездескен Жазғы кубок матчы ойыншылардың жаппай төбелесімен аяқталды. Төреші Кирилл Левников үш футболшыны, оның ішінде "Зенит" пен Қазақстан ұлттық құрамасы қорғаушысы Нұралы Әліпті де алаңнан қуып, ойынды бірнеше минут бұрын ерте аяқтады, деп KAZ.NUR.KZ Championat.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Командалар Санкт-Петербургтегі "Газпром Арена" (Санкт-Петербург) стадионында ойын өткізді. Бұл матчта "Зенит" 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Ойынның 65-минутында "Зенит" футбол клубының шабуылшысы Густаво Мантуан пенальтиді мүлтіксіз орындап, ресейліктерді алға шығарады. "Тальерестің" жартылай қорғаушысы Рубен Ботта бас төреші Кирилл Левниковтың шешіміне наразылық танытқаннан кейін алаңнан қуылды.
Айта кетейік, төрт команда бақ сынасатын 2024 жылғы Жазғы кубок (ресейлік "Зенит" және "Сочи", сербиялық "Црвена Звезда", аргентиналық "Тальерес" футбол клубатары) 2-12 шілде аралығында Санкт-Петербургте өтеді. Жазғы кубок ойындарын "Газпром Арена" мен "Петровский" стадиондары қабылдайды. 2 шілдеде өткен Жазғы кубоктың бірінші матчында "Зенит" клубы "Сочиді" 5:2 есебімен жеңді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2129970-nuraly-alip-match-barysynda-zhappai-tobeleske-qatysyp-alangnan-quyldy/